Түркияда қанша қазақстандық турист жүр? Цой неге рейс санын шектеуді ұсынды?
Сарапшылар қазақстандық туристердің не үшін Түркия, БАӘ, Египетке баратынын айтты
Туристік «Қамқор жүйесі» қорының директоры Асылхан Есіловтің Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметінше, соңғы бір айда турист ретінде Түркияға барған қазақстандықтардың саны 11 мыңнан асқан.
ТҮРКИЯ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИСТЕРДІҢ ЕКІНШІ ҮЙІ
«27 тамыздан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты жолаушылар рейсіне рұқсат ашылған күннен 30 қыркүйекке дейін Түркия еліне демалу мақсатымен 11 149 Қазақстан азаматы барған. Ал аталған уақыт аралығында өзге де шет мемлекеттерге демалыстан басқа мақсаттармен қанша мың қазақстандық шыққанын ҰҚК-нің шекара қызметі тіркеп отырады», - деді Асылхан Есілов.
Күні кеше Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Александр Цой шет мемлекеттерде эпидемиологиялық жағдайдың қайта өршуіне байланысты кейбір елдермен арадағы әуе қатынасын шектеуді ұсынып, рейс санын азайтуды сұраған болатын.
«Шет мемлекеттердегі жағдайдың күрделуіне байланысты әрі инфекцияның таралмауына жол бермеу мақсатында 5 қазаннан басқа елдерге ұшатын қосымша рейстерді жандандыруды тоқтата тұруды ұсынамын. Әуе қатынасы жанданған елдермен рейстер санын арттырмау керек және Түркияға ұшатын рейстер санын азайту керек», - деді министр.
Алматыдағы туристік фирмалардың бірінде жұмыс істейтін менеджер Лаура Жұмабектің айтуынша, пандемияға қарамастан, Түркия мен Дубайға ұшып жатқан қазақстандықтардың саны толастар емес.
«Түркия – қазақстандық туристердің екінші үйі десек те болады. Оның үстіне түрік асханасы, мәдениеті бізге біртабан жақын болғандықтан, көбі сол жаққа барғанды жөн санайды. Тамыз айында Түркияға ұшуға қалай рұқсат берілді, біздің кеңсемізге соғылған қоңыраулар саны толастамады. Әрине, көп қазақстандықтың шетелге шығуға мүмкіндігі бары қуантады. Карантиннің бірінші толқынынан кейін Түркияға, Дубайға ұшқандардың көбі - пандемия басталмастан бұрын жолдама алып қойғандар. Жүз мыңдаған ақшасы босқа күйіп кетпес үшін олар шекара ашыла салысымен Ыстамбұл мен Анкараға ағылды», - дейді маман.
«ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ІШКІ СҰРАНЫСТЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРА АЛМАДЫҚ»
Azattyq Rýhy тілшісімен әңгімелескен Limon.kz туристік операторының директоры Алмас Маратұлының айтуынша, пандемия кезінде ішкі туризмге деген сұраныс артқан.
«Пандемия кезінде Қазақстан демалыс аймақтарына сұраныс артты. Бұрын Түркия, Араб Әмірліктері мен Египетте демалатындар пандемияға байланысты ішкі туризмге қызығушылық танытып, белсенді бола бастады. Бірақ біз сол сұранысты қанағаттандыра алмадық. Себебі демалыс орындары, ұлттық саябақтар мен шипажайлардың барлығы карантин режимінде жабық болып, толық қызме көрсетпеді. Біздің компаниямыз массалық туризмге бағытталғанымен, біз де бәрін қамти алмадық. Алматы облысы бас санитарының бұйрығымен, әр турда 15 адамнан артық турист алып жүруге шектеу қойылған. Келер жылы карантин режимі аяқталатын болса, ішкі туризмге деген сұраныс азаймайды. Оған себеп – Еуропа елдерінің Қазақстан азаматтарына виза беруі қиындай түседі, ал аталған елдерге саяхаттауды жоспарлағандар Қазақстанда демалатын болады», - деді ол.
«ПАНДЕМИЯ ІШКІ ТУРИЗМНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ»
Limon.kz туристік операторының директорының айтуынша, отандық демалыс орындарында ең көп сұранысқа ие – Көлсай мен Алакөл көлдері, Шарын шатқалы.
«Біздің компания Алматы облысы, Алматы қаласы және Түркістан, Тараз қалалары бойынша жұмыс істейді. Биыл сұраныс бойынша көш басында Көлсай-Қайыңды көлдері, екінші орында – Алакөл, үшінші орында – Алматы облысының классикалық демалыс аймағына айналған Шарын шатқалы тұр. Өйткені мұндай эксклюзивті аумақ әлемде өте сирек кездеседі. Алматы облысында туристік аймақтар көп болғанымен, оларға баратын маршрут аз. Туристік операторларға жаңа маршрут табу керек болып жатыр. Қазақстанның туризм әлеуеті енді-енді дамып жатқанын ескерсек, біздің алға қойған мақсатымыз – жаңа туристік маршруттар ойлап табу. Пандемия бізге осыны көрсетті және біздің компания енді осы бағытта әрекет етеді. Пандемия туризм саласына ауыр тигенімен, ішкі туризм болашағының зор екенін көрсетті», - деді Алмас Маратұлы.
ІШКІ ТУРИЗМДІ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?
Маманның пікірінше, ішкі туризмді дамыту үшін туроператорларға мемлекет тарапынан қолдау қажет.
«Шет елдерге шығуға шектеу қойылған кезде, ішкі нарықта туристік компаниялар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бірақ олардың көпшілігі стандартқа сай емес, заңнамалық тұрғыдан дұрыс жұмыс істемейді. Осы жағын қадағалау керек. Бүгінде осы бағытта Қазақстанның брендін қалыптастыруда жұмыс істеп жатқан «Қазақ туризм» компаниясы бар. Олар бұрыннан келе жатқан туроператорлармен емес, жаңадан қалыптасып келе жатқан компаниялармен байланыс орнатып, жоба сұрап, біздерді алаңдататын мәселелерді шешуге тырысты. Мәселен, пандемия кезінде ұлттық саябақтар қашан, қалай жұмыс істейтіні, санитарлық талаптарға қатысты ақпарат беру жағынан атқарған жұмысы көңілден шықты. Ішкі туризм даму үшін кәсіпкерлерге бақылауды азайту керек», - дейді маман.
Туристік оператор тағы бір мәселе ретінде әлемде туристік компания өкілдеріне арналған туризм көрмелері барын, бізде қолдау жетіспейтінін айтты.
«Ол бірде Мәскеуде, енді бірде Парижде, Франкфуртта өтеді. Ол көрмелерге бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан компаниялар барады, қаржы жағынан да олардың әлеуеті жоғары. Ал дамып жатқан, дамушы компанияларда мүмкіндік аз. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан әртүрлі көмек, қолдау қарастырылғаны жақсы еді. Өзіміз де талай көрмеге барғымыз келді, бірақ компаниямыздың қаржылық шамасы жетпейді. Ол жерге барып, көрмеде өзіңді таныстырып, компанияңның қандай маршруттар ұсынатынын айтып, шетелдіктерді елге тартуға мүмкіндік көп. Оның үстіне, біздің туристік операторымыз ивент саласын да қамтиды. Яғни, туристердің кәсіби фотоға түсіп қайтуынан бөлек, олардың әсерлі эмоция алуына, тимбилдинг ұйымдастыруға бағытталған. Сол себепті, отандық компаниялар арасында бәсекелестік жоғары болуы тиіс», - деп қорытындылады сөзін директор.
Айта кететіні, 27 ақпан мен 16 наурыз аралығында шетелге 435 мың қазақстандық шыққан.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан