Дәмхана иесі егде жастағы еден жуушыны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген
58 жастағы Манаф Гулиев ұсталды
Әзербайжанның Барда қаласында еден жуушыны жезөкшелікпен айналысуға тартқан дәмхана иесі ұсталды. Бұл схеманы Ішкі істер министрлігінің Адам саудасына қарсы күрес бас басқармасының қызметкерлері әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Oxu.Az сайтының мәліметінше 58 жастағы Манаф Гулиев осы оқиғаға байланысты ұсталды. Оған қарсы «пайда табу мақсатында жезөкшелікпен айналысуға тарту» және «жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Айыптау актісіне сәйкес, Манаф Гулиев 51 жастағы әйелді күніне 15 манатқа (4 622 теңге) еден жуушы етіп жалдаған, бірақ кейін оны жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген», - деп жазды портал.
Нақтырақ айтқанда, ол әйелді 30 жастағы клиентпен кездестіріп, «еңбек» ақысына 20 манат (6 163 теңге) алған. Ақшаның жартысын өзіне қалдырып, қалғанын әйелге берген.
Барда аудандық сотының шешімімен Манаф Гулиевке 480 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түрінде жаза кесілді.