$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.10.2020, 11:35
Қоғам

Онлайн оқудан дәстүрлі форматқа көшу қажет – сенатор

Алтынбек Нухұлы ауылдық жердегі мектептерде кезекші топты кезең-кезеңімен ашуды сұрады

Онлайн оқудан дәстүрлі форматқа көшу қажет – сенатор
Фото: ашық дереккөзден

181-600 тұрғыны бар ауылдық жерлерде 5-11-сынып оқушыларына кезекші топ ашу керек. Егер балалар ары қарай да қашықтан оқи берсе, білім сапасы нашарлайды. Сенат отырысында депутат Алтынбек Нухұлы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа осындай депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бізге қашықтан оқу процесі енгізілген күннен бастап еліміздің барлық өңірінен 5-тен 11-сыныпқа дейінгі оқушыларды дәстүрлі оқытуға жіберу туралы ұсынысхаттар түсуде. Соның бір дәлелі ретінде Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті мүшелерінің Семей қаласы мен Абай ауданына жұмыс сапарындағы кездесуде мектеп мұғалімдері мен ата-аналар барлық санитарлық норманы сақтай отырып, барлық ауылдық мектепте дәстүрлі оқуға көшіруді ұсынды. Ауылдағы балалардың қарым-қатынасы қалаларға қарағанда қауіпсіз деп отыр. Себебі,  ауылдың тыныс тіршілігі мен табиғи ортасын ескеру керегін атап өтті. Біз бұл ұсынысты Үкіметке жеткізуге уәделестік», - деді ол Сенат отырысында.

Сенатор коронавирус қашықтан оқитын балалар арасында көп тіркелгенін атап өтті.

«Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің күні кеше берген ақпаратында оқу жылының басынан оқушылар арасында COVID-19-дың 104 жағдайы тіркелген. Оның ішінде үйде отырып, қашықтан оқитын балалар арасында 71 жағдай, мектеп қабырғасында кезекші сыныпта оқитын 33 балада анықталған. Яғни, дәстүрлі оқитын балалардың саны үйде отырып, қашықтан оқитын балалардың санына қарағанда екі есе аз», - деді Алтынбек Нухұлы.

Депутат контингенті 181-ден 600 адамға дейінгі ауылдық жердегі мектептердің 5-11-сынып оқушыларына да кезекші топты кезең-кезеңімен ашуды сұрады.

«Осыған байланысты бізді ауылдық жерде орналасқан қашықтан білім алатын, контингенті 181-ден 600 адамға дейінгі мектептерге қатысты мәселе алаңдатады. Біздің ойымызша, қоғамдық көлікті қажет етпейтін елді мекендердегі осындай мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, бірнеше ауысым арқылы штаттық режимде оқи алады деп ойлаймыз. Ауылда білім беру сапасын жақсарту мақсатында «Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы № 48 қаулысына 181-ден 600 адамға дейінгі контингенті бар, балаларының саны бір сыныпта 15 адамнан аспайтын, ауылдық жерде орналасқан мектептердің жұмыс істеуін кезең-кезеңмен шешу бөлігінде өзгерістер енгізуді сұраймыз», - деді ол.

Еске салайық, кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мектеп оқушылары арасындағы коронавирус жұқтыру фактілері бойынша есеп берген. 

Серіктес жаңалықтары