Қастандық па: Шымкентте мейрамханада жұмыс істеген 13 жастағы жасөспірім қайтыс болды

Банкет залының иесі еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Қастандық па: Шымкентте мейрамханада жұмыс істеген 13 жастағы жасөспірім қайтыс болды
Фото: Әсет Құндақбаев

Шымкентте 13 жастағы жасөспірім банкет залдарының бірінде жұмыс істеп жүрген кезінде қайтыс болған. Кәмелетке толмаған бала бірнеше ай бұрын көз жұмған. Мейрамхана кешенінің иесі еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасөспірімнің өліміне қатысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізген. Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, өлімге жүректің тоқтауы себеп болған.

«Шымкенттегі банкет залдарының бірінде жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Жасөспірімнің жүрегі тоқтап, қайтыс болғаны анықталды. Тексеру барысында еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталып, банкет залының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы полиция департаменті.

Қазақстанда 14 жасқа толмаған балалармен еңбек шартын жасауға болмайды. 14 жастан бастап жасөспірімдер ата-анасының келісімімен оқуына кедергі келтірмейтін жеңіл жұмысты атқара алады.