Досымен бәстескен: Алматыда ер адам сұлулық салонының терезесін сындырды
Досымен бәстескен ер адам мас күйінде салонға кірген
Алматы тұрғыны Пушкин көшесінде орналасқан сұлулық салонының әйнек витринасын сындырып, ішке кірген. Полиция қызметкерлері ұстаған кезде ол досымен бәстескенін, осылайша салонға кіре алатынын дәлелдегісі келгенін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнгі сағат төрттер шамасында Медеу ауданында болған. Оқиғаның куәгерлері «102» нөміріне хабарласып, сұлулық салонына біреудің кіріп кеткенін айтқан.
«Буран-617» патрульдік экипажы күдіктіні оқиға орнында ұстады. Полицияның мәліметінше, ер адам мас болған.
«Ұсталған адам полицияға жеткізілді. Оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп, оның әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді департамент.
Еске салайық, бұған дейін автобусқа пышақ ұстап кірген алматылық ер адам жолаушылардың зәресін ұшырған болатын.