Ақтауда балықтан уланған тоғыз жасар бала 20 күннен кейін көз жұмды
Бала кеше, 6 қазан күні қайтыс болған
Биыл 17 қыркүйек күні Маңғыстау облысында төрт адам, соның ішінде бір бала балықтан уланып, ертеңінде ауруханаға түскен еді. Өкінішке қарай, тоғыз жастағы ұл баланың беті бері қарамай, ол кеше қайтыс болған, деп жазады Azattyq Rýhy Lada басылымына сілтеме жасай отырып.
Аймақтық сайтқа баланың қайтыс боланын оның туыстары хабарлаған. Бірақ, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы әзірге ақпаратты растамай отыр. Біздің редакцияға жауап берген баспасөз хатшы баланың туыстары рұқсат етпесе, оның денсаулығына қатысты ақпаратты жария етпейміз дейді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 17 қыркүйек күні Маңғыстау облысында 4 адам тамақтан уланып ауруханаға түскен. Олардың бәрі балық жеген.
Бұл ауыр жағдайға қатысты Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да пікір танытқан еді.