«Айтуға сөз таба алмай отырмын»: Димаш Құдайберген көз жұмған сарбаздардың туыстарына көңіл айтты
Ол желідегі парақшасында арнайы жазба жариялады
Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде көз жұмған сарбаздардың туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені… Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін. Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын! Е, Алла, құдіреті күшті Алла, інілерімді алдынан жарылқағайсың. Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын… Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын. Қош болыңдар, бауырларым…» – деп қайғыра көңіл айтты әнші.
Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 14 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады. Қаза болған сарбаздардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туыстарына көңіл айтты. Қаза болған 14 сарбаздың отбасына ақшалай көмек бергісі келетіндер үшін арнайы шот ашылды.