Каспий теңізінде қаза тапқан екі сарбаздың денесі туған қалаларына арнайы рейспен жеткізілді
Олардың жерлеу рәсімі 26 қыркүйек күні өтеді
Каспий теңізінде қаза тапқан екі сарбаздың денесі туған қалалары – Оралға арнайы рейспен жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, 25 қыркүйек күні сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді.
«Қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – делінген хабарламада.
Аталған жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.