Астанадағы автобус апаты: қояншығы бар жүргізушінің денесі құрысып, екі адамды қағып кеткен
Прокуратура 10 адамды жүргізуші куәлігінен айырды

Астананың прокуратурасы денсаулығы автобус жүргізуге жарамайтын кісілердің адам тасымалдап жүргенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Прокуратура анықтағандай, қоғамдық көлік басқаруға болмайтын адам «Эпилепсия G40» диагнозымен автобус басқарған. Жүргізуші рөлде отырған кезде денесі құрысып, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол 2021 жылдан бастап эпилепсия диагнозымен диспансерлік есепте тұрғаны анықталған. Бұл адам Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды прокуратура.
Осы уақытқа дейін қала прокуратурасының бастамасымен сот 10 адамды жүргізуші куәлігінен айырды.
Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.
9 маусым күні елорда әкімдігі зардап шеккен баланың отбасына қаладағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.
Ал жуырда автобус жүргізушісі рақымшылыққа ілініп, жазадан босағаны анықталды.