$ 539.49  627.7  6.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бүлдіршін екі аяғынан айырылды»: Астанада автобус жүргізушісі рақымшылықпен жазадан босап кетті

Жол апаты 2 маусым күні Республика даңғылында болды

«Бүлдіршін екі аяғынан айырылды»: Астанада автобус жүргізушісі рақымшылықпен жазадан босап кетті
Фото: Видеодан скрин

Астанада автобус апатынан кейін бүлдіршіннің екі бірдей аяғынан айырылып, мүгедек болғаны туралы оқиға көпшілікті есеңгіретіп қойған. Осы оқиғадан кейін екі айға жуық уақыт ішінде жол апатына кінәлі автобус жүргізушісінің рақымшылыққа ілініп, жазадан құтылып кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Автобус жүргізушісінің рақымшылыққа ілінгенін Астана қалалық Полиция департаментінің тілшісі агенттік тілшісіне растады.

Ведомство мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан адам денсаулығына зиян келтірілгені бойынша жүргізілген қылмыстық іс материалдары мен сараптамалардың қорытындылары автобус жүргізушісінің кінәсін растады.

«Қазақстан Республикасының «Рақымшылық туралы» заңы негізінде күдікті қылмыстық қудалауды тоқтату туралы өтініш білдірді. Соған сәйкес қылмыстық іс рақымшылық актісіне байланысты тоқтатылды.

Алайда, қылмыстық іс тоқтатылғанына қарамастан, бұл тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып есептеледі. Сонымен қатар, қылмыстық құқықбұзушылық пен өзге де заң бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс Астана қаласының әкімдігіне жолданды», – дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.

9 маусым күні елорда әкімдігі зардап шеккен баланың отбасына қаладағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.

Серіктес жаңалықтары