Астанада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыз баланың отбасына төрт бөлмелі пәтер беріледі
Жол-көлік оқиғасында зардап шеккен қыз балаға қандай көмек көрсетіледі

Астанада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған қыз баланың отбасына төрт бөлмелі пәтер берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігі таратқан хабарламаға сәйкес, президент тапсырмасы бойынша ведомство жеке демеушімен бірлесіп, отбасыға елордадағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.
«Тұрғын үй кешені биыл қазан айында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы пәтерді жөндеу және жабдықтау жұмысына да көмек көрсететін болады. Осыған дейін зардап шеккен отбасыға көрсетілетін өзге де қолдау шаралары туралы хабарланған болатын», - делінген әкімдік хабарламасында.
Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.