Оралда Toyota Land Cruiser Prado бірнеше көлікті соғып кетті (ВИДЕО)
Жол-көлік оқиғасы 5 тамыз күні таңертең Орал қаласында болды

Орал қаласында жол талғамайтын көлік жүргізушісі бағдаршамның қызыл шамында тұрған бірнеше автокөлікке соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол-көлік оқиғасы 5 тамыз күні таңертең Орал қаласында болды. Облыстық полицияның мәліметінше, сағат 10:46 шамасында Ақсай қаласындағы Оңтүстік айналма жолы мен Қ.Шакенов көшесінің қиылысында Toyota Land Cruiser Prado көлігінің жүргізушісі жол қауіпсіздігін сақтамай, алдында тұрған Renault Sandero автокөлігіне соғылған.
«Соққы салдарынан Renault Sandero HAVAL көлігімен соқтығысып, ол өз кезегінде Volkswagen Sharan көлігіне соғылған. Барлық көлік бағдаршамның қызыл түсінде қиылыстың алдында тұрған», – деп нақтылады Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті агенттікке берген пікірінде.
Жол апаты салдарынан бірнеше көлік иесіне материалдық шығын келтірілген. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода жүргізушінің рөлде ұйықтап кеткені айтылады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 3-бөлігі бойынша «Көлік құралдарына немесе өзге мүлікке зақым келтірген жол жүру ережелерін бұзу» туралы әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция жүргізушілерді жолда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.