$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.04.2021, 15:35
Оқиғалар

«Эпидемиямен қалай күресуді білемін» - Елжан Біртанов сотта өзін босатуды сұрады

Бүгін экс-министрдің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті

«Эпидемиямен қалай күресуді білемін» - Елжан Біртанов сотта өзін босатуды сұрады
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін экс-министр Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Прокурорлар Елжан Біртановтың үйқамақта отыру мерзімін мамыр айының соңына дейін ұзартуды сұрады. Айыптаушы тараптың айтуынша, егер Біртанов бостандықта жүрсе, тергеуге қысым көрсетуі мүмкін.

Үш жылдан аса уақыт Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртанов сот отырысында өзінің кінәсіз екенін айтты. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және соттан өзін босатуын сұрады.

«Менің еш кінәм жоқ және өзіме тағылған айыппен келіспеймін. Құрметті судья, мені босатуыңызды сұраймын. Себебі, мен қазір қамауда отырғанымнан гөрі бостандықта жүрсем, эпидемиямен күресуде қоғамға көбірек пайдамды тигізер едім. Менің денсаулық сақтау, медицина саласында жиған тәжірибем жеткілікті. Сондықтан эпидемиямен қалай күресу керектігін білемін», – деді Елжан Біртанов.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен экс-министр Елжан Біртановқа қатысты үйқамаққа алу мерзімі ұзартылды. Алайда белгілі бір уақытқа (тағы сағат 8-ден кешкі сағат 19-ға дейін) үйінен шығуына рұқсат берілді.

Сот оның 5 баласы барын (үшеуі әлі кішкентай), жасы келген анасы барын, сондай-ақ үйқамақта отырған кезеңде ереже бұзбағанын ескерді.

Оқи отырыңыз: Желіде үйқамақта отырған Елжан Біртановтың фотосуреті тарады

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 3 қарашасында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынды.

22 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық тергеу соты экс-министр Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін ұзартты. Сосын экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімі 30 сәуірге дейін ұзартылды.

Ал, наурыз айының соңында бұрынғы бас дәрігердің қорғаушысы Дмитрий Куряченко БАҚ-қа сұхбат беріп, экс-министр Елжан Біртановтың денсаулығы сыр бергенін айтты. Сондай-ақ адвокат оны үйқамақта негізсіз ұстап отырғанына наразы.

2020 жылдың 25 маусымында Мемлекет басшысының жарлығымен Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды.

Елжан Амантайұлы Біртанов 1971 жылғы 18 қазанда Жамбыл қаласында дүниеге келді. Алматы мемлекеттік медицина университетін, Аризона штатының университетін, Ресейде дипломнан кейінгі медициналық білім академиясын, Шарите Университеттік клиникасын (Германия), Тұран университетін, Duke University, Fugua School of Business (АҚШ), Global Executive МВА магистратурасын бітірді.

Алматы қаласында жедел медициналық көмек ауруханасының реаниматолог-дәрігері, Республикалық токсикология орталығының басшысы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологы, Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту институты» РМК директоры, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Денсаулық сақтау вице-министрі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.

2014 жылғы мамырдан бастап - Мемлекеттік-жекеменші әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы басқармасының төрағасы болды. 2015 жылғы 12 қарашадан бастап – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болды. 2017 жылғы 25 қаңтардан бастап Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды.

Серіктес жаңалықтары