Нұрай Серікбай ісі: прокурор айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
Прокурор Шерхан Аймаханов өмір бойы сотталуға тиіс деп есептейді
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінің негізгі бөлігі аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор Мадияр Әбілқасымов адам өлтірді деп айыпталған 28 жастағы Шерхан Аймахановты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, Аймахановтың кінәсі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру»), 125-бабының 1-бөлігі («некеге тұруға мәжбүрлеу») және 115-бабының 2-бөлігі («сталкинг») бойынша толық дәлелденген.
«Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеуді сұраймын. Жазаны өтеу мерзімін үкім жарияланған күннен бастап есептеуді сұраймын. Аймахановқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұраймын», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан атты жас жігіт пышақтап өлтірген еді. Оның өліміне қатысты тергеу жеті айға созылып, шілде айында аяқталды. Сот процесі 21 шілдеде басталды.
Сот отырыстарының бірінде процеске қатысқан медициналық сарапшы қызға 35 рет пышақ жарақаты салынғанын және сол сәтте оның әлі тірі болғанын айтты. Сараптама жүргізген психологтар қылмыс жасалған кезде Аймаханов өз әрекеттерін толық бақылаған деген қорытындыға келген.
Сондай-ақ Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге өндіруді талап етті. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай айыпталушы тараптан 10 миллиард теңге өндіру талабының себебін түсіндірді.