Канье Уэстің концертіне 40 мыңнан астам көрермен келеді: Алматы полициясы күшейтілген режимде жұмыс істейді
Орталық стадионда 40 кіреберіс қарастырылып, билеттерді тексеру концерттен бірнеше сағат бұрын басталады
Алматы полициясы 14 тамызда Орталық стадионда өтетін Канье Уэстің концерті кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, концертке 40 мыңнан астам көрермен келеді.
Стадионға адамдардың ұйымдасқан түрде кіруі үшін үш жағынан 40 кіреберіс қарастырылған. Билеттерді тексеру сағат 16:00-де басталады. Кіреберісте көрермендер тексеруден өтеді. Стадион аумағына тек билеті немесе аккредитациясы бар адамдар ғана кіре алады.
«Біздің басты міндетіміз – концертке келген әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Көрермендерден қай кіреберістен кіретінін алдын ала анықтап, полиция қызметкерлерінің, қауіпсіздік қызметі мен еріктілердің нұсқауларын орындауды сұраймыз», – деді Тимур Ноғайбаев.
Концерт өтетін күні полиция Орталық стадион мен оған іргелес аумақта патрульдеуді күшейтеді.
Концерт аяқталғаннан кейін көрермендер үшін қоғамдық көлік қатынайды. Сондай-ақ қосымша шаттлдар қарастырылған.