07.08.2026, 22:38
Қоғам

Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге өндіруді талап етті

Отбасы құжатпен расталған материалдық шығынды 14 млн 739 мың теңге деп бағалап, соттан оны өндіруді сұрады

Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге өндіруді талап етті
видеодан скриншот

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот жалғасып жатыр. Кезекті отырыста жәбірленуші тараптың өкілі Аянхан Омаров сотталушы Шерхан Аймаханға қойылған азаматтық талаптың көлемін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Адвокаттың айтуынша, қыздың қазасынан кейін оның отбасы жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға, діни жөн-жоралғылар мен қырқы асын өткізуге, құлпытас орнатуға, сондай-ақ тергеу амалдары мен сот отырыстарына қатысу үшін жол жүруге қомақты қаражат жұмсаған.

Құжатпен расталған материалдық шығын көлемі 14 млн 739 мың теңге деп бағаланған.

Бұдан бөлек, жәбірленуші тарап 10 млрд теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді талап етті.

Адвокат бұл талапты Нұрайдың ата-анасы жалғыз қызынан, ал ағалары туған қарындасынан айырылғанымен түсіндірді. Оның сөзінше, отбасы бастан өткерген қайғыны ешқандай қаржылай өтем толық өтей алмайды.

«Ата-анасы бар мейірімі мен қамқорлығын төгіп өсірген жалғыз қызынан айырылды. Ағалары сүйікті қарындасынан көз жазып қалды. Баласынан айырылған ата-ананың қайғысы мен қасіреті өмір бойы бірге жүреді және оны ешқандай материалдық игілікпен өтеу мүмкін емес. Сотталушы Аймахан Нұрайды некеге тұруға мәжбүрлеген... Ешқандай ақшалай өтемақы Нұрайды қайтара алмайды әрі отбасының орны толмас қайғысын жеңілдетпейді», – деді Аянхан Омаров.

Осыған байланысты марқұмның отбасы соттан Шерхан Аймаханнан 10 млрд теңге моральдық өтемақы мен 14 млн 739 мың теңге материалдық шығынды өндіріп беруді сұрады.