01.08.2026, 22:19
Қоғам

Жұмысқа орналасамын деп барған қазақстандық Грекияда 125 жылға сотталды

Жас жігіттің анасы ұлының интернет арқылы алданғанын айтып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады

Жұмысқа орналасамын деп барған қазақстандық Грекияда 125 жылға сотталды
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе қаласының тұрғыны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгініп, екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отырған ұлына көмек көрсетуді сұрады. Әйелдің айтуынша, 24 жастағы Рашид Қадиров әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, Түркияға кеткен. Алайда кейін заңсыз мигранттарды тасымалдау ісі бойынша айыпталып, 125 жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy aktobetimes.kz сайтына сілтеме жасап.

Сотталған жігіттің анасы Нұрхан Қадырова ұлы интернет арқылы адамдарды алдайтын халықаралық схеманың құрбаны болғанын айтады. Оның сөзінше, ұлы отбасына ештеңе айтпастан Қазақстаннан кетіп қалған. Біраз уақыт өткен соң бейтаныс нөмірден хабарласып, Грекия түрмесінде отырғанын жеткізген.

Әйелдің айтуынша, ұлына Түркияда туристерді моторлы қайықпен серуендетуге қатысты жұмыс ұсынылған. Оның сөзінше, жолақысын жұмыс берушілер төлеп берген. Кейін белгілі болғандай, шын мәнінде бұл заңсыз мигранттарды тасымалдау екен.

Анасының айтуынша, тергеу кезінде ұлы шетел тілін білмегендіктен толыққанды тілдік қолдаусыз қалған. Ол құжаттарға қол қоюды ұсынғанын, ал қол қоймаған жағдайда жаза мерзімі ұзаруы мүмкін екенін ескерткенін айтады. Соның нәтижесінде, әйелдің сөзінше, сот оған 125 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және шамамен 1 миллиард теңгеге тең ірі көлемде айыппұл тағайындаған.

Нұрхан Қадырова ұлы заңсыз мигранттарды тасымалдауды ұйымдастырмағанын, тек үйлестірушілердің тапсырмасын орындағанын және бүкіл схеманы бақыламағанын айтады.

Әйелдің сөзінше, қазір ұлы жаңа сот процесін күтіп отыр.