Бүгін, 06:26
Қоғам

65 түлек – 65 грант: Астанадағы мектеп түлектері 100 пайыз нәтиже көрсетті

Елордадағы №9 «Зерде» мектебінің биылғы 65 түлегінің барлығы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Оның 42-сі мемлекеттік білім грантын жеңіп алған

65 түлек – 65 грант: Астанадағы мектеп түлектері 100 пайыз нәтиже көрсетті
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №9 мектептің биылғы 65 түлегінің барлығы білім грантына ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мектептің 42 түлегі мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Оның нәтижелері бір күн бұрын жарияланған болатын.

Тағы тоғыз түлек Назарбаев Университетіне оқуға түсті. Ал 14 түлек әлемдегі үздік университеттердің ТОП-50 қатарына кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Еске салайық, 7 тамызда Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелері белгілі болды. Жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен білім алатын талапкерлердің ресми тізімі жарияланды.

Кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа ие бола алмаған талапкерлерге үндеу жасап, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар бар екенін еске салды. Сондай-ақ оқуға түскеннен кейін босаған мемлекеттік білім гранттарына үміткер болуға мүмкіндік бар екенін айтты.