«Әлі де мүмкіндік бар»: Саясат Нұрбек грантқа түсе алмаған талапкерлерге үн қатты
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантын иелене алмаған талапкерлерге үндеу жасады. Ол конкурс нәтижесін соңғы үкім ретінде қабылдамауға шақырып, жоғары білімді тегін алудың өзге де мүмкіндіктері бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр бұл туралы өзінің ресми Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, бұл күн ондаған мың отбасы үшін ерекше болды: біреулер грант иегерлерінің тізімінен өз есімдерін көріп қуанышқа бөленсе, енді бірі тізімнен табылмаған.
Саясат Нұрбек биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантын жеңіп алғанын айтып, оларды құттықтады.
«Тізімдегі бір ғана жолдың артында айлар, кейде жылдарға созылған еңбек, ұйқысыз түндер, ата-ананың алаңдауы, ұстаздардың қолдауы және өздеріңіздің табандылықтарыңыз тұр. Сіздер бұл нәтижеге лайықсыздар», – деді министр.
Министрдің мәліметінше, мемлекеттік гранттар конкурсы биыл айтарлықтай өскен. Егер 2025 жылы 113 мың өтініш қабылданса, 2026 жылы олардың саны 127 мыңға жеткен. Яғни талапкерлер саны бірден 14 мыңға артқан.
«Сондықтан бүгін мемлекеттік грантқа аз ғана ұпай жетпей қалған талапкерлерге арнайы үн қатқым келеді», – деді ол.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік грант – үлкен мүмкіндік болғанымен, жоғары білімге апарар жалғыз жол емес.
Биыл жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам ректор грантын бөлген. Сонымен қатар әкімдіктер 2 400-ге жуық білім грантын ұсынды. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары да бар.
«Мәселен, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры ауыл мектептері мен шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант бөледі. Сондай-ақ KAZENERGY, "Қазатомөнеркәсіп" және басқа ұйымдардың да өз білім беру бағдарламалары бар», – деді Саясат Нұрбек.
Министр көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндікке назар аударды.
«Студенттер оқуға қабылданғаннан кейін жыл сайын мемлекеттік гранттардың бір бөлігі босайды. Сонымен қатар ақылы бөлімде оқып, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін бос гранттарға үміткер бола алады», – деді ол.
Саясат Нұрбек талапкерлердің ата-аналарына да үндеу жасады.
«Егер балаңыз грант жеңіп алса, оның қуанышын бірге бөлісіңіздер. Ал егер грантқа түсе алмаса, дәл қазір оған қолдауларыңыз бұрынғыдан да маңызды. Оны өзгелермен салыстырмаңыздар. Бір конкурсты өмірлік үкімге айналдырмаңыздар. Оның орнына университеттердің тізімін қарап, қабылдау комиссияларына хабарласып, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы ақпарат алыңыздар. Келесі мүмкіндікті іздеңіздер», – деді министр.
Талапкерлерге қарата сөйлеген сөзінде ол алда әлі талай емтихан, конкурс және жаңа мүмкіндіктер күтіп тұрғанын айтты.
«Бірнеше жылдан кейін студенттік жолдың қалай басталғанынан гөрі, қандай маман әрі қандай адам болып қалыптасқандарыңыз маңыздырақ болады. Бір ғана тізім армандарыңыздың ауқымын анықтап қоймасын», – деп жазды Саясат Нұрбек.
Сөз соңында министр болашақ студенттерді өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтап, грант иегерлерінің тізімінен есімін таба алмаған талапкерлерге мойымауға кеңес берді.
«Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан ұзағырақ болуы мүмкін. Бірақ бұл оның дұрыс бағытқа апармайды деген сөз емес», – деп түйіндеді министр.
Еске салайық, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі 7 тамызда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының иегерлері тізімін жариялаған болатын.