«Кінәсіз»: Қаскелеңде күйеуін пышақтап өлтірген жүкті әйел сот залында босап шықты

Оны алқабилер ақтап шығарған

«Кінәсіз»: Қаскелеңде күйеуін пышақтап өлтірген жүкті әйел сот залында босап шықты
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

1 мамырда Қаскелеңде әскери қызметші ер адам пышақ жарақатынан қаза тапқан еді. Оның өліміне әйелі кінәлі деп айыпталып, сотқа тартылды. Әйел бірнеше ай Алматыдағы тергеу изоляторында отырған. Алайда 10 тамызда алқабилер оны кінәсіз деп танып, сот залынан босатты. Осыдан кейін марқұмның қарындасы әлеуметтік желіге видео жариялап, сот шешіміне наразылығын білдірген. Ал «Не молчи KZ» қорының жазуынша, бұл оқиғаға дейін күйеуін пышақтады деген әйел отбасында 16 жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келген екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

16 жыл бірге тұрған отбасының өмірі қандай еді?

Қор мәлімдегендей,  қазір күйеуін өлтірді деген айыппен сотталып, кейін ақталған әйел 38 жаста. Ол – Қызылорда облысының тумасы, жоғары білім алған, мамандығы бойынша ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Күйеуімен 16 жыл бірге тұрған әйел төрт баланы дүниеге әкелген. Ал 1 мамырдағы қайғылы оқиға кезінде бесінші баласына жүкті болған.

Әйелдің жақындары оны сабырлы, көппен ұрысып-жанжалдаспайтын, жуас әрі еңбекқор адам ретінде сипаттайды. Қордың жазуынша, ол үнемі жұмыс істеп, балаларының керек-жарағын өзі табуға тырысқан. Бірнеше жыл бойы бала көтере алмағаннан кейін, күйеуі емделіп, әйел жүкті болған. Кейін төрт баласын дүниеге әкелген. Сондықтан оның өмірінде балаларының орны ерекше болғаны айтылады.

Алайда отбасының сырт көзге көрінетін тыныш тіршілігінің ар жағында басқа жағдай болған. «Не молчи KZ» қорының жарияланымында әйелдің күйеуінен 16 жыл бойы зорлық көргені айтылады. Қордың мәліметінше, ер адам оны бірнеше рет ұрып-соққан, басынан және мойнынан ұрған. Бір жолы әйелді мойнынан қысып, тұншықтырған. Туыстарының айтуынша, ер адам әйелді денесінде көзге түсетін із қалмайтын жерлерінен де ұрған. Бұдан бөлек, оның әйелінің жүріс-тұрысын бақылап, кімге барып, кіммен араласатынына дейін араласқаны айтылады. Әйелдің анасына баруына, балаларын әжесіне қалдыруына мүмкіндік бермеген. Тіпті балаларына қандай киім кигізетініне дейін күйеуі қадағалап отырған.

Зорлық жүктілік кезінде де тоқтамаған. Қордың жазуынша, әйел жүкті кезінде де күйеуінен соққы алып, денесінде гематома пайда болған, кейін қан кеткен. Сол кезде дәрігерлер жүктіліктің үзілу қаупі мен плацентаның ажырағанын анықтайды. Тағы бір жағдайда әйелді қолындағы емізулі баласымен бірге қыстың аязында үйден қуып жібергені айтылады. Кейде оны сыртқа жейдешең күйде шығарып жіберген жағдайлар да болған.

Соған қарамастан, әйел күйеуінен біржола кетпеген. «Не молчи KZ» қорының жазуынша, ол бірнеше рет үйден кеткенімен, кейін қайта оралып отырған. Туыстары оның мұндай қадамын балаларымен байланыстырады. Әйел отбасын сақтап қалуға, балаларын әкесіз қалдырмауға тырысқан. Сондықтан қанша қиындық көрсе де, қайтадан сол үйге оралып отырған.

Отбасындағы ауыр жағдайлардың тағы бірі ретінде әйелдің күйеуінен жыныстық жолмен берілетін инфекцияны екі рет жұқтырғаны айтылады. «Не молчи KZ» қорының материалында бұл жағдайлар 2014 және 2017 жылдары болғаны жазылған. Әйел осыдан кейін Алматыдағы ауруханада емделген. Қордың жазуынша, ол бұл жағдайды қатты уайымдап, өзін кінәлауға дейін барған екен.

Бұған қоса, әйел күйеуіне телефонмен хабарласқан кезде, оның басқа әйелмен жақын қатынаста болып жатқанын естіп қойғаны туралы да қордың материалында жазылған. Кейін үйге келгенде күйеуі болған жағдайды мойындаған. Одан бөлек, әйелге өзінің іш киімін жууды бұйырғаны да айтылады.

Ажырасу туралы айтқан күні не болды?

«Не молчи KZ» қорының жазуынша, 1 мамырда әйел күйеуіне ажырасуға арыз бергенін және балаларымен бірге кететінін айтқан. Осы әңгімеден кейін ерлі-зайыпты арасында тағы жанжал туады. Қордың мәліметінше, ер адам жүкті әйеліне қайта күш көрсетіп, ұра бастаған.

Сол кезде әйел үйден шығып кетіп, көмек іздеуге тырысады. Алдымен күйеуінің жақын туыстарына барған. Телефон сұрағанымен, олар телефонын бермеген. Кейін әйел көршілеріне барған, алайда ол жерден де полиция шақыра алмаған. Көмек таба алмаған соң, үйіне қайта оралады. Осыдан кейін үйде ерлі-зайыпты арасында тағы жанжал туады. Қордың жазуынша, ер адам әйелге қайта шабуыл жасаған. Сол сәтте әйел қолына пышақ алып, күйеуінің жүрек тұсына бір рет сұққан. Ер адам алған жарақатынан сол жерде қайтыс болған.

Оқиғадан кейін әйелдің өзі жедел жәрдем мен полицияға хабарласады. Кейін оны ұстап, Алматыдағы тергеу изоляторына жеткізген. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қасақана адам өлтіру айыбы тағылып, іс сотқа жеткен. Сот процесі кезінде әйелдің жүктілігі де соңғы мерзімге жеткен еді. «Не молчи KZ» қорының мәліметінше, оның босану күні 15 тамызға белгіленген. Соған қарамастан, ол Алматыдағы тергеу изоляторында ұсталып, сот отырыстарына Қаскелеңге конвоймен жеткізіліп отырған.

Осы кезде қорғау тарапы істі тек пышақ сұғылған бір сәтпен шектеп қарауға болмайтынын айтқан. Олар әйелдің бұған дейінгі өміріндегі жағдайларға, 16 жыл бойы көрген зорлық-зомбылыққа және дәл сол күні бірнеше рет көмек іздегеніне назар аударған. Ал істің тағдырын алқабилер шешті.

Алқабилер әйелді кінәсіз деп таныды

10 тамызда сотта алқабилердің үкімі жарияланды. Олар әйелді кінәсіз деп таныды. Осыдан кейін ол сот залынан босатылды. «Не молчи KZ» қоры бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, төрт баланың анасы әрі бесінші баласына жүкті әйелдің бостандыққа шыққанын хабарлады. Қор өкілдері адвокатқа, алқабилерге және әйелді қолдаған адамдарға алғыс білдірді.

Осылайша бірнеше ай Алматыдағы тергеу изоляторында отырған әйел сот залынан еркіндікке шықты. Ал әйелдің бесінші сәбиін қолына алуына босануына санаулы күн қалды.

Бірақ бұл шешім марқұмның туыстары үшін әділ шешім болған жоқ. Ер адамның қарындасы әлеуметтік желіге видео жариялап, сот үкіміне наразылығын білдірді. Ол ағасы әйелінің қолынан қаза болғанын айтып, тірі кезде жақынының жақсы адам болғанан тілге тиек етті. Сот шешімімен келіспегендіктен, әлі де берілмейтіндерін жеткізді.