Бірнеше ай бұрын алып қашқан: Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты тың дерек пайда болды
Күдікті жігітпен марқұм өткен жазда танысқан
Түркістан облысының Төрткүл ауылында 13 қаңтар күні 21 жастағы Нұрай Серікбай жер қойнауына тапсырылды. Бойжеткен пышақ жарақатынан қаза болды. Қылмысқа күдікті ретінде 28 жастағы ер адам іздеуге жарияланып, Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұрай мектепті үздік бітіріп, Алматыда «сән және дизайн» мамандығы бойынша білім алған. Қысқы демалысына орай ауылына келген. Күдікті жігітпен ол өткен жазда танысқан. Жігіт үйленуге ұсыныс жасағанмен, Нұрай бас тартқан.
2025 жылдың қазан айында күдікті Нұрайды еркінен тыс алып қашқан. Полицейлердің көмегімен қыз жігіттің үйінен босатылып, туыстары оның қауіпсіздігі үшін арыз жазған. Кейін Нұрай кешірім бергенімен, жігіт тарапынан қудалау мен қорқыту тоқтамаған.
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешке болған. Нұрай дүкенге шыққан сәтінде күдікті оны аңдып жүріп, көшеде қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Бойжеткен оқиға орнында көз жұмды.
Полиция күдіктіні бір жарым тәуліктен кейін ұстады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қаза болған қыздың жақындары бұл қылмысты алдын ала жоспарланған аса ауыр қылмыс деп бағалап отыр.