Қазақстан аспанында екі ұшақ соқтығысып қала жаздаған
Арнайы тергеу комиссиясы құрылады
Өзбекстан мен Ресей әуе компанияларының ұшақтары Қазақстан аспанында соқтығысып қала жаздаған. Бұл туралы Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2026 жылғы 10 қаңтарда Шымкент диспетчерлік орталығының жауапкершілік аймағында болған. «Uzbekistan Airways» компаниясының Airbus ұшағы мен «Победа» компаниясының Boeing әуе кемесі арасында қауіпті авиациялық жағдай туындаған.
«10 қаңтар күні елорда уақытымен сағат 05:42-де Шымкент ӨДО жауапкершілік аймағында «Победа» әуе компаниясының Внуково – Самарқанд бағытындағы PBD997 рейсі мен «Uzbekistan Airways»-тың Термез – Мәскеу бағытындағы UZB9609 рейсіне қызмет көрсету кезінде авиациялық оқиға болды», - делінген хабарламада.
Көлік министрлігі мұны уәкілетті орган тарапынан тергелуге тиіс ауыр авиациялық оқиға деп бағалап отыр.
Қазір осы оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылуда. Қосымша зерттеулер мен жұмыстар қажет болмаса, тергеу мерзімі үш айдан аспайды, деді ведомство.