$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2019, 17:45
Қоғам

АҚШ консулдығы Қытайдан қашып келген екі жігітке босқын мәртебесін беруге дайын – адвокат

Олар қазір Өскемендегі уақытша ұстау абақтысында жатыр

АҚШ консулдығы Қытайдан қашып келген екі жігітке босқын мәртебесін беруге дайын – адвокат

Шекараны заңсыз кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген жоқ. Бұл туралы олардың заңды адвокаты Ләззат Ахатова мәлімдеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Ол сондай-ақ, өз әріптесі – заңгер Бауыржан Азановтың бұған дейін таратқан ақпараты жалған дегенді де айтты.

Ләззат Ахатованың сөзінше, екі айға қамалған Қытай қазақтарына Қазақстан босқын мәртебесін беруден бас тартса, Қастер мен Мұрагер АҚШ-қа кетеді. Шыңжаңдағы саяси жағдайдан қашып келдік деген екі жігітке пана беруге дайын екенін АҚШ-тың Алматыдағы консулы хабарлаған.

«Егер босқын мәртебесін беруден бас тартса, онда Сайрагүл Сауытбай секілді шетелге жіберетін жоспарымыз бар. Оларды Қытайда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Қазір АҚШ оларды қабылдап отыр. Тек заңды рәсімдер аяқталғанын күтіп отыр. Жігіттер босқын мәртебесін алдымен Қазақстаннан сұраған. Сондықтан ресми жауапты күту керек. Тек содан кейін ғана қандай да бір әрекетке көшеміз. Яғни, бас тартса ғана Америка тарабы оларды қабылдай алады. Бүгін ғана консулмен сөйлестік», - деді Ләззат Ахатова.

Оқи отырыңыз: Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті араша сұрайды

Ал, адвокат Бауыржан Азанов бүгін Нұр-Сұлтанда өткен жиында Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, құжатты ШҚО бойынша Көші-қон полициясы басқармасы берген. Алайда, Ләззат Ахатова бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

«Ол өтірік айтып отыр. Ақпараттың бәрі жалған. Мен ШҚО көші-қон полициясымен жаңа ғана сөйлестім. «Пана іздеуші» статусы туралы арыз Алматы-Зайсан арқылы Өскеменге енді ғана түскен.  Ол алдағы күндері қаралады. Бауыржан мұны қандай дәйекке сүйеніп айтып отыр? Егер берілсе куәліктің суретін неге көрсетпейді? Ондай куәлік кезінде Сайрагүлге де берілген. Оны алу аса қиын емес және соншалықты қуанарлық жаңалық та емес», - дейді әріптесінің сөзін теріске шығарған Ахатова.

Оқи отырыңыз: Қытайдан келген екі азаматтың шекараны кесіп өткеніне үлкен күмәнім бар - шекара қызметінің директоры

Оның айтуынша, аталған куәлікті алды деген сөз босқын мәртебесін алады деген мағынаны білдірмейді және ол куәліктің уақытын үш рет ұзартуға болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қолхатпен бостандыққа шығару туралы арыз да жазылған еді. Алайда, өтінішті 25 қазан күні қараған Шығыс Қазақстан облысының соты «қамауда ұстау қауіпсіз, олардың тұрғылықты мекен-жайы жоқ» деген жауаппен қос қандасты бостандыққа жіберуден бас тартқан.

ҚР ҰҚК Мұрагер мен Қастердің үстінен ҚР ҚК 392-бабы 1-тармағымен («Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту») іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Адвокаттың айтуынша, Өскемендегі уақытша тергеу изоляторында отырған екеуі осы аптаның соңында шекарадан қалай өткендіктерін көрсетіп, жауап береді. Оларға қазір Шынқуат Байжанов пен Ләззат Ахатова тегін адвокаттық көмек көрсетіп жатыр.

«Өздері қашып келген азаматтардан қалай ақша сұрайсың?! Ақша төлемеді деп көмектен бас тарта алмаймыз. Алматы-Өскемен арасындағы ұшаққа, қонақ үй, өзге де шығындардың көбіне Қытайдан келген қандастар жиналып көмектесіп жатыр. Әуел баста үш адвокат едік. Қамалатын күнгі алғашқы сотта Бауыржан Азанов екеуін тастап, сотқа қатыспай кетіп қалғандықтан, Қастер мен Мұрагер одан бас тартты. Қазір заңды қорғаушысы мен және Шынқуат», - деді Л.Ахатова.

Оқи отырыңыз: Қытайдан қашып келген екі жігітке босқын мәртебесі берілуі керек еді – адвокат

Заңгер Бауыржан Азанов болса өз сөзінің бұрмаланғанын айтып ақталды.

«Кеше көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері Өскемендегі тергеу абақтысына кірді. Оған кіру үшін арнайы қаулы керек. Екеуін суретке түсіріп, өмірбаянын алып, анкета толтырды. Куәлікті нақты бүгін береді деп айтқан жоқпын. Құдай біледі қашан беретінін, бірақ беріледі. Оларды алдағы уақытта соңына дейін қорғаймын ба, қорғамаймын ба, ол да белгісіз. Қазір тергеуші мені тергеу әрекеттеріне шақырып отыр. Заңды бекітілгем жоқ», - деп қысқа қайырды Бауыржан Азанов.

Әмірболат Құсайынұлы

Серіктес жаңалықтары