$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.10.2019, 16:53
Оқиғалар

Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті араша сұрайды

Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті Алматыдағы «Атажұрт» еріктілер тобының қатарына қосылды

Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті араша сұрайды

Бүгін олар Алматыда БАҚ өкілдеріне хабарласып, араша болуды сұрады. Өздерін Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлім деп таныстырған екі ер адам Қытайдағы Іле қазақ автономиялық облысы Тарбағатай аймағы Дөрбілжін  ауданы арқылы шекара асып, бастарын қатерге тігіп келгендерін айтады. Туған жерлерінен шекара шебіне дейін 500 шақырым жолды мотоциклмен жүріп өткен. Одан кейін түн қатып, шекарашылар жоқ аймақтарды аңдып жүріп, екі тәулікте  Шығыс Қазақстан облысының аумағына қарасты Зайсан ауданының тұсынан қазақ жеріне аяқ басқан.  

«Өзім төрт жыл сегіз ай қамақта отырдым. Шыққан соң бір жарым жыл бақылауда  болдым. Сағатына, минутына шақырса, барып тұрдым.  Сосын отбасым, ата-анам болған соң сыртқа кетіп жұмыс істеп, екі үш ай бара алмай қалдым. Маған Қытайды көзге ілмейсің деп қысым жасады. Сосын мені қайтадан шақырып, қара жұмысқа саламыз, қамауға аламыз деп айтты. Мен үш күн рұқсат беріңдер, жұмысымды өткізіп келейін дедім де, бірге істейтін жолдасым Мұрагермен ақылдасып, еліміз бар, сол жаққа өтуге әрекет жасайық деп ойласып, жолға шығып кеттік.  Қытай шекарасына келдік, сонда 2-3 сағат бақыладық. Шекарадағы әскерді сырттай бақыладық. Олар 20 минутта бір, 15 минутта бір аралап, шам жағып тұрады екен.  Соны есептеп отырып, бірінші тордан 5 минута өтіп үлгердік. Сосын 60-70 шақырым жүріп, екінші торға жеттік. Сосын негізгі тікенек тордан да өтіп, Қазақстан аумағындағы шекараға дейін бір көш жер екен. Одан соң екі күн жүрдік, үшінші күні Зайсан жақтағы Шілік деген тұстан шықтық», - дейді  Қастер Мұсахан.

Біреуінің қолында 2023 жылға дейін жарамды деп көрсетілген жеке басын куәландыратын төлқұжат бар, ал екіншісі «жеке құжаттарым жоқ» деп көрсетпеді. Қазір екі шетелдік азамат Алматыда «Атажұрт» деген атпен танымал шетелдік қазақтардың құқығын қорғайтын ұйымды тауып, олардың қамқорлығына алыныпты. Бүгін таңертең ғана қалаға келген Қастер мен Мұрагер шегараны 3 қазанда кесіп өткен. Арада 7 күн дегенде Алматыға жеткендерін айтады. Ұйым мүшелері екі азаматты жергілікті көші-қон мекемелеріне барып өтініш жазуына және уақытша тұратын жер тауып беруге көмектесетіндерін айтады. Содан соң, заңгерлердің көмегімен саяси баспана беру мәселесіне ықпал етеміз дейді. Құзырлы органдар оларды қамауға ала ма, ол жағы қазір белгісіз.  

Айта кетейік, осыған ұқсас оқиға 2018 жылы қоғамдық дүрбелеңге себеп болған еді. Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтті делінген Сайрагүл Сауытбай қамауға алынған соң, қоғамдық ұйымдар БАҚ беттерінде оны Қытайға қайтармау туралы  үндеулер жариялады. Көп ұзамай Алматы облысы Панфилов аудандық соты этникалық қазақ, қытай азаматын 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмады. Сайрагүл Сауытбайға «пана іздеуші тұлға, бірақ босқын емес»  деген куәлік берілген. Биыл жазда ол Швецияға отбасымен көшіп кетті.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары