$ 536.32  626.9  6.6
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бір үйдің егіз ұлдары құтқарушы болып жүр: Ернұр мен Ернар Шаймарданның оқиғасы

Егіздер жұмыстың ерекшеліктері туралы айтып берді 

Бір үйдің егіз ұлдары құтқарушы болып жүр: Ернұр мен Ернар Шаймарданның оқиғасы
Фото: Павлодар ТЖД

Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы дүниеге келген Ернұр мен Ернар Шаймардан бүгінде өрт сөндіру және құтқару қызметінде иық тірестіре еңбек етіп жүр. Егіз бауырдың бірі Ақсу қаласында аға инженер болса, екіншісі Павлодар қаласында өрт сөндіру-құтқару қызметінде істейді. Бала кезден спортпен шұғылданып, шынығып өскен олар құтқару қызметіне мектеп жасынан-ақ кірісіп кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі.

Ернар мен Ернұр Шаймардан 1995 жылы 25 қаңтарда Павлодар облысында дүниеге келген.

«Оқушы кезімізден бастап бауырым екеуміз өртке қарсы қолданбалы спортпен айналыса бастадық. Командалық және жеке жарыстарда жүлделі орындарға ие болдық. Сол кезден бастап өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде өз жолымызды бастадық деуге болады. Мектепті тәмамдаған соң, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге шешім қабылдадық. Оқу орнына қабылданғаннан кейін мен қосымша іріктеуден өттім. Кейін курсанттар арасындағы тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Екатеринбург қаласындағы Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің Орал институтына қабылдандым. 2025 жылы оқуымды аяқтап, Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа жіберілдім. Қазір сол жерде қызмет етіп жүрмін. Өкінішке қарай, бауырым академияға түсе алмады, кейін Павлодар қаласында өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасты», - дейді Ернұр.

Ернардың құтқару саласындағы еңбек жолы 2017 жылдың 1 ақпанында басталды. Алғаш рет жер үйде шыққан өртті өшіруге барған. Ол арада бір өткенде естен кетпес қорқынышты оқиғаға тап болған.

«Екі автоцистерна өртеніп жатыр деген хабар түсті. Біз дереу жетіп, өртті сөндіріп, цистерналарды салқындатуға кірістік. Сол сәтте әріптесімнің бірі цистернаның үстіне шығып, ішіндегі жалынды өшіруге тырысты. Кенет жарылыс болды. Екі өрт сөндіруші жарақат алды. Бірінің беті күйіп, екіншісінің екі аяғы сынған еді. Ол көрініс әлі күнге дейін көз алдымда», - дейді Ернар.

Ернар уақыт өте келе жұмыстың ерекшелігіне бейімделген.

«Бастысы өрт сөндірушілер апатты жағдайларда салқынқандылық танытып, кәсіби шеберлігін көрсетуі керек»,- дейді ол.

Бір үйдің қос перзенті қауіп-қатері көп мамандықты таңдаған кезде, ата-анасы «адам өмірін құтқарамыз» деген ұлдарының ниетіне түсіністікпен қарап, қолдау білдірген. Дегенмен, әр жолы төтенше оқиға орнына барған сайын, олар ата-анасына аман екендерін хабарлап, көңілін тынышталдырып отырады.

«Әр төтенше жағдайдан немесе өзге ауданға өрт сөндіруге аттанған сайын олар қатты уайымдайды. Сондықтан әр жолы бәрі жақсы екенін айтып, телефон шаламыз», - дейді Ернұр.

Соған қарамастан, Ернұрдың сөзінше, қызметінің жағымды тұстары өте көп. Бастысы ұжымдағы командалық рух мықты, әріптестер бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын сәтте демеу болуға дайын.

«Ернар Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді, ал мен Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет атқарамын. Оның әріптестерімен де бауырымдай сыйласамын. Азаматтық қорғау саласында 11 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Адам өмірін қорғауды ең қадірлі жұмыс деп білемін. Мен Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын», – дейді Ернұр.

Ернар да бауырының сөзін құптап, адамға қиын сәтте қол ұшын беру өзінің нағыз азаматтық борышы екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары