$ 536.32  626.9  6.6
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2025, 16:15
Қоғам

Жетісу облысында балалардың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасына қоғамдық бақылау күшейеді - «AMANAT»

Жетісу облысында 315 мемлекеттік мектеп, 6 жеке меншік мектеп, 235 мемлекеттік және 145 жекеменшік балабақша

Жетісу облысында балалардың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасына қоғамдық бақылау күшейеді - «AMANAT»
Фото: партияның баспасөз қызметі

Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам мен мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Соңғы уақытта ата-аналар арасында балабақшалардағы тамақ сапасы мен қауіпсіздік мәселелері жиі талқыланып келеді. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы Жетісу облысында нақты шара қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Партияның облыстық филиалы Білім басқармасымен бірлесіп, арнайы «Қоғамдық бақылау» штабын құрды. Оның құрамына депутаттар, қоғамдық кеңес өкілдері, ата-аналар комитеті, «Атамекен» палатасы мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері енген.

Штабтың басты мақсаты – балабақшалар мен мектептердегі тамақтану сапасын, санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуын және балалардың қауіпсіздігін бақылау.

Алғашқы мониторинг жұмыстары Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында басталып, қазір Талдықорған қаласы, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Қаратал, Көксу, Ескелді аудандары және Текелі қаласында жалғасуда.

«Біздің мақсат – кемшілік іздеу емес, жүйелі мәселелерді анықтап, оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну. Қазан айының соңына дейін барлық білім беру және мектепке дейінгі ұйымдар қамтылатын болады», – деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы.

Мониторинг барысында асханалардағы тағам сапасы, азық-түліктің жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, бейнебақылау мен өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жұмыс істеу деңгейі тексерілді.

«Балалардың қауіпсіздігі бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Асханалардағы санитарлық талаптардың сақталуы мен тағам сапасы әрдайым бақылауда болуы тиіс», – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Руслан Вахапұлы.

Бүгінде Жетісу облысында 315 мемлекеттік мектеп, 6 жеке меншік мектеп, 235 мемлекеттік балабақша және 145 мемлекеттік-жекешелік әріптестік балабақша жұмыс істейді.

Қоғамдық бақылау штабы қазан айының соңына дейін өңірдегі барлық мектеп пен балабақшаны қамтуды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары