$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.10.2019, 12:58
Жаңалықтар

Қытайдан келген екі азаматтың шекараны кесіп өткеніне үлкен күмәнім бар - шекара қызметінің директоры

Қазір екі азамат Зайсан қаласында, оларды өздері айтқан Тарбағатайға апарып, нақты қай жерден қалай өткенін сұрамақшы

Қытайдан келген екі азаматтың шекараны кесіп өткеніне үлкен күмәнім бар - шекара қызметінің директоры

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов жақында шекараны заңсыз кесіп өттік деп елден көмек сұраған екі азаматтың сөзіне үлкен күмәні бар екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті араша сұрайды

«Шекараны бұзып өте салу қазір мүмкін емес. Ол жерде қарауыл күшті. Сондықтан нақтысын анықтауымыз керек. Олар 1 қазан күні өттік деген. Ол күні Қытай білім күнін тойлайды. Сондықтан барлық мемлекеттік құрылым күшейтілген режимде жұмыс істейді», - деді ол.

Қазір екі азамат Зайсан қаласында, тұтқындалмаған. Оларды өздері айтқан Тарбағатайға апарып, нақты қай жерден қалай өткенін сұрамақшы.

Егер қылмыстары анықталса, бір жылға дейін қамау жазасы қарастырылған. Ділманов ұсталғандардың біреуі бұрын Синьцзяндағы саяси қайта тәрбиелеу лагерінде төрт жыл отырғанын айтты. Айтуынша, ол жерде оған күш көрсетіліп, қысым жасалған.

«Бір нәрсе анық. Өзін Қастер деп таныстырған азамат 2006 жылы да шекара бұзған. Қытай-қазақ шекарасында мал ұрламақ болып ұсталған», - деді шекара қызметінің директоры.

Сондай-ақ шекара қызметінің директоры Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімнің саяси босқын емес, жәй ғана шекара бұзушылар екенін айтты.

«Бұл жағдайға саяси реңк беруге болмайды. Олар шекара бұзушылар, мұндай жағдай өте көп тіркеледі. Саяси босқын мәртебесін де әлі анықтау керек, бірақ бұлар саяси босқын емес. Саяси босқын болу үшін олар өткізу пунктінен ресми түрде өтіп, мәлімдеме жасауы тиіс еді», - дейді Дархан Ділманов.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары