Кейбір дәрілер түпнұсқасынан бірнеше есе қымбатқа сатылған – Аймағамбетов
Дәріге қосылған үстеме баға 172 пайызға дейін жеткен

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов елімізде дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекіту кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың дәрі-дәрмектің «жабайы» бағалары мен тиімсіздігіне тоқталды.
«Шекті бағаларды қалыптастыру кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Олардың қатарында шамадан тыс маркетинг және тасымалдау шығындарын бағаға қосу мәселесі бар. Препараттар тіпті оригиналдан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған. Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жетеді, ал Еуропа мен жалпы әлемде бұл 30 пайыздан аспауы керек. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы үш-бес есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің дженеригінің бағасы 1273 теңгені құраған. Бұл былай қарағанда төрт есеге қымбат», - дейді Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, отандық зауыт елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, өз шығындары мен бағасын соған байланыстырып есептеп, дәріні қымбаттатып жібереді.
«Оны оригиналмен салыстырсақ, көптеген отандық дәрілер шетелдік түпнұсқасынан, яғни оригиналының өзінен еселеп қымбат болып шықты. Аудит көрсеткендей, парацетамолдың зауыттық бағасы 59 теңге екен, Қырғызстанда 90 теңгеге сатылса, бізде 144 теңгеге сатылып отыр. Терафлюге елде бекітілген шекті баға 3,3 мың теңге болса, зауыттық бағасы - 1,5 мың. Ресейде 2,2 мың, Қырғызстанда 2,5 мың теңге тұрады дейді. Ал кейтруда дәрісі дәріханаларда 710 мың теңге тұрса, Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағасын 1 млн 300 мың теңге деп бекіткен, оны Фармация 1 млн 200 мыңға сатып алған. Былай қарасақ, ақша үнемдеген сияқты болып көрінеді, бірақ шын мәнінде екі есеге жуық қымбатқа сатып алған», - дейді мәжілісмен.
Тіпті, оның айтуынша, дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер табылған.