$ 539.56  627.35  6.84
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сюцай» атын жамылғандар уағыз таратып жүр - Айдос Сарым рухани алаяқтық мәселесін қозғады

Ол сюцай, эзотерика саласына қатысты мамандарды сынады

«Сюцай» атын жамылғандар уағыз таратып жүр - Айдос Сарым рухани алаяқтық мәселесін қозғады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бізді соңғы уақытта елімізде кеңінен таралып кеткен сан-алуан эзотерикалық, псевдоспихологиялық жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отыр. Өздеріне жалған диплом жасатып, атағы жер жаратын «академиялардың», әлемдік «ұйымдардың» атынан сөз сөйлеп жүрген бақсы-құшнаштың, тренер-коучтердің шараларының саны күн санап артып келеді» - дейді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, «қай сайтты, қай әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, әлемнің барша құпиясын меңгерген, адамның жан дүниесінің бүкіл кілтін беліне байлаған мамансымақтар көпшілікпен кездесулер, курстар, семинарлар өткізіп жатады».

«Өкініштісі, мұны жекелеген адамдардың өз таңдауы, жеке құқығы деп те айта алмаймыз. Рухани алаяқтар мемлекететтік мекемелерге, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарға дейін жетіп, мемлекеттік, қоғамдық проблемаға айналғанын байқап отырмыз. Бір ғана мысал келтірейін. Соңғы кездері елімізде «Сюцай» деп аталатын курстар қаулап таралып жатыр. Бұл бағыт өзін «адамның ішкі әлеуетін ашатын сандық психология» деп таныстырғанымен, іс жүзінде ғылыми негізі жоқ, эзотерикалық және діни сипаттағы коммерциялық жобаға айналып отыр. Бүгінде «Сюцай» атауын жамылған топтар жабық форматтағы шаралар өткізіп,
өз уағыздарын кеңінен таратып жүр. Олардың басым бөлігі – лицензиясыз, сертификатсыз, тіркелмеген тұлғалар», –  дейді ол.

Депутаттың пікірінше, жалған ілімнің басты мақсаты – азаматтарды «рухани даму» ұранымен иландырып, сандар мен символдарға сүйенген псевдотеория арқылы материалдық пайда табу.

«Нәтижесінде көптеген адамдар, әсіресе әйелдер мен жастар, қаржылай шығынға ұшырап, психологиялық тәуелділікке түсуде, ал кейбірі отбасылық және әлеуметтік күйзеліске тап болуда. Осындай зиянды тәжірибелердің кең таралуы – өте алаңдатарлық белгі. Мәселенің ауқымы соншалық, ол азаматтардың «еркін таңдау құқығына» жүгінуге мүмкіндік бермейді. Шынымды айтсам, бұл мәселе «рухани пандемия» немесе «психологиялық індетке» ұқсап барады», – дейді Айдос Сарым.

Депутат атағандай, кез келген танымал әлеуметтік желіні ашсаңыз жеткілікті, елімізде сан түрлі псевдопророктардың, жалған ғалымдардың және ашық алаяқтардың семинарлары, курстары мен дәрістері толастамайтын толқын болып тұр.

«Мүмкіндігі шектеулі жүздеген, мыңдаған адамы осындай «жосықсыз схемаларға» ілініп, өз қаражаттары мен жинақтарын жұмсап жатыр. Одан да ушығырақ, мұндай алаяқтық схемалар «эзотерикалық пирамидаға» және «психологиялық есірткіге» айналып бара жатыр, оған тіпті отбасылар мен ұжымдар да тәуелді болып отыр. Тіпті мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың басшылары да осындай «тренерлер» мен «коучтарға» үлкен қаражат бөліп, оны білім беру немесе командалық жаттығу жобалары ретінде рәсімдеп, қымбат қонақүйлер мен сауықтыру орындарына шығынданып, «пророктар» мен «шамандарға» ауқымды гонорарлар төлеп жүр», –  дейді депутат.

Ол мемлекет наркомания мен наркобизнеске де ресми түрде қарсы тұрып, азаматтарды жалған діндер мен секталардың ықпалынан қорғауға, болашақ ұрпақтың рухани және психологиялық саулығын сақтауға тырысып жатқанын айтты.

«Бірақ неге біз аталмыш барлық «зұлымдықтардың» белгілерін біріктіретін адамдар мен ұйымдарға қарсы ешқандай күрес жүргізбейміз? Осыған байланысты мен барынша нақты әрі қарапайым сұрақтар қойғым келеді. Біріншіден, мемлекет органдары «Сюцай» сияқты ұйымдардың қызметін бақылауда ұстай ма? Екіншіден, осындай ұйымдар, коучтер, тренерлер жастарға, әйелдерге және басқа әлеуметтік топтарға тигізетін психологиялық, материалдық және басқа да зияндарына қатысты жүйелі тәсілдер мен сараптамалар бар ма? Үшіншіден, мемлекет ретінде біз осындай ұйымдар мен тұлғаларға қатысты не істейміз? Сіздің министрлігіңіз бен басқа мемлекеттік органдар заңнамалық және нормативтік тұрғыдан осындай деструктивті қызметке қарсы қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр?», –  дейді ол.

Депутат осы орайда министрліктен қандай нақты іс-шаралар жоспарлап отырғаны туралы толық әрі жан-жақты жауап беруін сұрады.

«Біз азаматтарымызды осындай алаяқтық пен қылмыстық әрекеттерден барынша қорғауға бағытталған тиімді шараларды қабылдау қажеттігін білеміз, әрі оларды «батырлар» немесе «қудалаудағылар» етпей, заңды түрде шешуді қалаймыз.Мемлекеттік деңгейде бұл мәселеге кешенді тәсілдер, мемлекеттік органдар арасында үйлестіру және ғылыми, сараптамалық, ата-аналар қоғамдастығымен белсенді өзара әрекеттестік қажет.Өз тарапымыздан, Мәжіліс депутаттары ретінде заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша барлық қажетті қолдау мен қатысуды көрсетуге дайынбыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары