$ 537.84  626.85  6.79
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлеуметтік кәсіпкерлер заңда көрсетілген жеңілдіктерге жете алмай жүр – депутат

Әлеуметтік кәсіпке барлық әлжуаз топ өкілдері жұмысқа тұра алатын

Әлеуметтік кәсіпкерлер заңда көрсетілген жеңілдіктерге жете алмай жүр – депутат
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша заңда бар жеңілдіктер қолданыс таппай отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстанда «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген термин тіркеліп, түбінде тау қопарып тастайтындай көрінген. Себебі әлеуметтік бағытта басталған кәсіпке мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен олардың заңды өкілдерді, зейнетке әне-міне шығуы керек алайда қазір жұмыссыз жүрген жандар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы немесе толық емес отбасының өкілдері сынды әлеуметтік әлжуаз топқа жататын жандар жұмысқа тұра алатын еді. Жалақы алып, жан бағу үшін жақсы бастама-тұғын», – деді Сәрсенғалиев.

Ол атағандай, санамалап айтқан санаттағы азаматтарды қызметке қабылдаған жұмыс берушілер әлеуметтік кәсіпкер атанады.

«Сәйкесінше оларға гранттық қолдау, мемлекеттік сатып алу кезінде басымдықтар, субсидия мен ғимаратты жалға алу кезінде жеңілдіктер берілу керек. Осылайша мемлекет пен бизнес өзара уағдаласады, бұл қос тарапқа қатар пайдалы шешім еді. Еді деп екпін салып отырғанымның себебі, қазір әлеуметтік кәсіпкерлер заңда көрсетілген жеңілдіктерге жете алмай жүр. Қағазда бар, қолданыста жоқ себебі. Заңға тайға таңба басқандай жазылған қолдауларды әр әкімдік өзінше жорып жүр екен. Салдарынан қолдауға мұқтаж азаматтарды қызметке қабылдағандар жеңілдік атаулыдан желініп қалған» – дейді Сәрсенғалиев.

Ол әлеуметтік кәсіпкер жылжымайтын мүлікті жалға алып бизнес бастауға ниеттенеді, ғимараттың егесі әкімдік дейді.

«Тиісінше жергілікті билік шаршы метрлерді жеңілдікпен жалға беруі керек. Әуелгі концепция осылай еді. Іс жүзінде заңға жазылған нақты норманы әр әкімдік әр түрлі түсініп, әр облыстағы әлеуметтік кәсіпкерге әр түрлі талап қойып, жалдау ақысына келгенде титтей де болсын жәрдем жасамайды. Бұған «AMANAT–қа» арызын айтып келген «NIET WOMAN», «KUTUBU SITTA» секілді әлеуметтік кәсіпкерлер дәлел. Олардың саны күн санап көбейіп барады. Азаматтар Ұлттық экономика министрлігіне бірнеше рет хат жолдапты, әлеуметтік кәсіпкерлерге тиесілі жеңілдіктердің ортақ тізімін жасап жергілікті билікке жолдаңыздар, түсіндіріңіздер деп. Бірақ Ұлттық экономика министрлігімен ұғыса алмапты. Салдарынан әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері не жұмыссыз, не жалақысыз жанарлары жәудіреп қала барды», – деді ол.

Аталған түйткілдің түйінін тарқату үшін депутат үкіметке мына ұсыныстарды жолдады:

  • Жергілікті атқарушы билік өкілдерін әлеуметтік кәсіпкерлерлікті  қолдауға және оған қажет қаражатты бюджеттің ішінен бөлек бөліп қоюға міндеттеу керек;
  • Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың тетіктердің нақты бекітіп, оның механизмдерін тәптіштеп тұрып түсіндіріп жазып, жариялау қажет. Себебі кәсіпкер, әкімдік, Үкімет үштігі ұғыса алмай жүргенде мүгедек жандар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, аз қамтылған, толық емес немесе көпбалалы отбасының мүшелері жұмыссыз, нәпақасыз отыруға мәжбүр.
  • Дайындалған, нақты талаптар жазылған тәртіпті әкімдіктерге, ұлттық холдингтерге және басқа да мүдделі органдарға жедел жіберу керек.
  • Әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың деңгейі барлық облыста бірдей болуын, жалға берілетін ғимараттардың жеңілдетілген бағамен, ұзақ мерзімге және әділетті бөлінуін құжатпен бекітіп, қадағалау керек.
  • Жергілікті атқарушы органдар өздеріне тиесілі ғимараттардың барлығын ашық, қолжетімді бір базаға жүктеуі тиіс. Ол жерде жалға алудың тетіктері мен әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктер қоса жазылуы қажет. Өтініш беру мен ақпарат алу тетігін де жеңілдету шарт.
  • Уәкілетті органдар әлеуметтік кәсіпкерлерді мемлекетке масыл деген ойдан аулақ болуы керек, өйткені олар көмекке мұқтаж жандарды қызметпен қамтитын, жаңа жұмыс орындарын ашатын, тиісінше қазынаға салық төлейтін аса маңызды саланың өкілдері.
Серіктес жаңалықтары