Бектенов халыққа нашақорлықты анықтайтын тегін экспресс-тест таратуды тапсырды
Бүгін премьер-министр есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша республикалық штабтың отырысын өткізді

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында ішкі істер, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлері Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндады. Премьер-министр нашақорлық пен есірткі қылмысының ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін және бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі, ведомствоаралық тәсілді қажет ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, премьер-министр халыққа, әсіресе, осал топтағы азаматтарға нашақорлықты анықтайтын тегін экспресс-тест тарату мәселесін шешуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету – қоғамның орнықты дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды шарты. Бұл жұмыс жалпыұлттық сипатқа ие болуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Қазір 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Онда жаңа стратегиялар мен жастар арасындағы профилактикалық шараларға ерекше назар аударылмақ.
ІІМ басшысы Ержан Сәденов интернет арқылы есірткі саудасына қарсы шаралардың күшейгенін айтты. «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталған сайттар саны 11 есеге артып, 26,5 мыңнан астам интернет-ресурс жабылған. Биыл 9 айда 6 210 құқық бұзушылық анықталып, 26,1 тонна есірткі тәркіленген.
«Олжас Бектенов ІІМ-ге жыл соңына дейін әкімдіктердің есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі рейтингін әзірлеуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі наркологиялық көмек сапасын арттыру шараларын қолға алуда. Емдеу хаттамалары жаңартылып, халықаралық стандарттар еніп жатыр. «Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, халықты қолжетімді экспресс-тестермен қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке оңалту орталықтарының жұмысын құқықтық тұрғыда реттеуді тапсырды», - деп хабарлайды үкіметтің сайты.