$ 536.32  626.9  6.6
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әке, сен сияқты өрт сөндіруші боламын»: құтқарушы Надира Таирова қиын салаға қалай келгенін айтып берді

Екі баланың анасы кәсіби мерекесінің қарсаңында редакция тілшісіне сұхбат берді 

«Әке, сен сияқты өрт сөндіруші боламын»: құтқарушы Надира Таирова қиын салаға қалай келгенін айтып берді
Фото: жеке мұрағат

Биыл Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр. Бірнеше күннен кейін, яғни, 19 қазан күні құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі әрі қиын, әрі қауіпті салада жүрген нәзік жандының бірі - Надира Таировадан сұхбат алған еді. 

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығының диспетчері, азаматтық қорғау саласының аға сержанты Надира Таирова осы салаға әкесінің жолын қуып келгенін айтты.

«Төтенше жағдайлар қызметіне келуіме әкем себепкер болды. Кішкентай кезімнен формасын киіп «Әке, сен сияқты өрт сөндіруші боламын» деп жиі айтатын едім. Әкем осы салада көп еңбек етіп зейнетке шыққан. Азаматтық қорғау саласының ардагері десем де болады. Ал мен кішкентай күнімнен құтқарушы болуды армандадым, осы күні мақсатыма жеттім. Жүрек қалауымен жеткен соң, бұл қызметте қорқынышқа бой алдырмай, жауапкершілікті сезіне алдым деп ойлаймын», - дейді Надира Таирова.

Адамдардың өмірін құтқару, төтенше жағдай кезінде бірінші әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету - құтқарушылардың мойнына жүктелген ауыр міндеттің бірнешеуі ғана. 

«Құтқарушы болу тек мамандық емес, бұл өмір салты. Мен үшін бұл мамандықтың басты құндылығы – адам өмірін сақтап қалу. Әрбір секунд, әр минут аса маңызды. Соңғы жылдары бұл салада төтенше жағдайлардың саны артып келеді. Мен құтқарушыны батылдық пен мейірімділіктің иесі деп санаймын. Олар қиын сәттерде адамдарға сенім мен тыныштық сыйлай алады. Құтқарушы қиын да ыстық күндердің нағыз шебері деп сеніммен айта аламын. Ал менің міндетім адамдардың дер кезінде құтқарылуына білікті мамандардың жылдам аттануын қамтамасыз етіп, үйлестіріп беру», - дейді ол.

Надира Таирова құтқару саласының аға сержанты ғана емес, екі баланың аяулы анасы. Балалары болашақта еліне қызмет ететін құтқарушы болғысы келсе, қарсы болмаймын дейді. 

«Жолдасымыз екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Менің үлкен ұлым Мадияр осы салаға қызығады. Болашақта өз үлесін қосып, осы мамандықты таңдаса, өзіне де, қоғамға да пайдасы тиеді. Дегенмен бұл сала үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – еліміз бен отбасының басты қағидаларының бірі. Құтқарушы өз ісіне адал болуы тиіс, өйткені ол тек өз отбасының емес, қоғамның да амандығына жауапты», - дейді ол.

Бір қызығы, Надира Таированың жолдасы да құтқарушы екен. 

«Бұл мамандық екі бағытта жауапкершілікті талап етеді. Жолдасым да осы салада қызмет атқарады. Жанұям әркез қызметім мен таңдауымды қолдап отырады. Сондықтан ол да жұмысқа ерекше шабыт сыйлап, өзі ісімді жақсы көре түсуге себеп болып отыр», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары