«Қосымша салық сияқты»: Асхат Аймағамбетов СҚ-Фармацияға шүйлікті
Компанияның үстеме бағасы 7 пайызды құрайды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов елімізде дәрі-дәрмек сатып алумен айналысатын бірыңғай дистрибьютер – «СК-Фармация» ЖШС-ның жұмысына шүйлікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бірыңғай дистрибьютердің өз логистикалық инфрақұрылымы жоқ, логистиканың 90 пайызы – үш компанияның қолында.
«Осындай монополизация логистикалық шығындардың бір жарым есеге өсуіне ықпал еткен. СК-Фармацияның үстеме бағасы комиссия деп те айтуға болады, 7 пайыз. Бұл қосымша салық сияқты сонда. Бір бөлігін өз шығындарына пайдаланса, бір бөлігін пайда ретінде, бір бөлігін дивиденд ретінде бюджетке қайтарады. Бұл да парадокс», - дейді Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Бірыңғай дистрибьютер 491 млрд теңгеге сатып алу жүргізсе, оның басым бөлігі тікелей зауыттардан емес, жергілікті дистрибьютерлер арқылы сатып алынған.
«Сонда біз бұл ұйымды не үшін құрдық? Неліктен ол зауыттардан тікелей сатып алмайды? Бір препараттар қоймаларда шіріп, есептен шығарылып жатқанда, кейбір өмірлік маңызы бар дәрілер қолжетімсіз. 45 мың пациент дәрісіз қалған, анықталған шығындар мен ысырап 3,7 млрд теңгеден, ал ықтимал шығындар 21 млрд теңгеден асады», - дейді депутат.
Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізген аудитінің есебі қаралып жатыр.