$ 503.05  542.99  5.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.05.2020, 12:03
Қоғам

«Коронавирусты желеу етіп, Экологиялық кодексті кейінге қалдыра алмаймыз» – министрлік

Ресми мәлімдеме

«Коронавирусты желеу етіп, Экологиялық кодексті кейінге қалдыра алмаймыз» – министрлік

Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі ірі өнеркəсіп кəсіпорындарын «таза» технологияға көшіруге міндеттейтін жаңа Экологиялық кодекс жобасын тезірек қарап,  қабылдауды сұрайды. Бұл туралы Экология, геология жəне табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтты.

«Экология мəселесі қашанда өзекті жəне төтенше жағдай режимі кезінде де маңызды болып қала береді. Бірақ бірқатар бизнес-қауымдастықтар коронавирус пандемиясына байланысты жаңа кодекстің мерзімін  кейінгі қалдыру туралы мəселе көтеруде. Иә, қазір бәріне оңай емес. Дегенмен, Экологиялық кодекс пен оның қабылдану уақыты қазіргі жағдайға ешқандай да кері әсерін тигізбейді», - деді А. Пірімқұлов  брифингте.

Ол кодекс ертерек қабылданбаса, экологиялық ахуал одан әрі ушыға түседі деп есептейді.

«Тек соңғы айда ғана Теңіз кен орнында апат болды, онда зауыттағы пештің тоқтауы себебінен күкірт газы ауаға тарады, сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да ЖЭО шатыры өртенді, олар атмосфералық ауаның ластануына әкелді. Ал егер статистиканы жарты жыл немесе бір жыл ішінде алсаңыз, мысалдар көп. Экология саласындағы жаңа және қатаң талаптар бүгінгі күні қажет екенін түсіну қажет», - деп айтты ол.

Назарбаев университеті сарапшыларының бағалауынша, Қазақстанда  лас ауадан зардап шеккендерге бөлінетін ақша мен осы улы қалдықтардан еңбекке жарамды халықтың қайтыс болуы экономикаға $2,4 млрд шығын әкеледі. Бұл – елдің дамуына кері әсер ететін фактор. 

Қазақстанда Экологиялық кодекс біраз уақыттан бері талқыланып жатыр. Ол қабылданса, ірі кәсіпорындар экологияға зиян келтірмес үшін «қолжетімді таза технологияларды» орнатуға мәжбүр. Бірақ олар мұндай технология өте қымбатқа түсетінін алға тартып жатыр.

«Озық технологияны енгізудің алғашқы кезеңі 50 кəсіпорынға ғана қатысты. Сондықтан қандай да бір тəуекелдер туралы айту əлі ерте. Экологиялық кодекс шеңберінде ОҚТ енгізбеген кəсіпорынды жабу туралы норма жоқ. Тек мөлшерлемені кезең-кезеңмен арттыру туралы айтылған. Жаңа кəсіпорындар үшін ОҚТ-ға көшу міндетті талап, яғни біз қатаң экологиялық талаптарсыз құрылыс салуға, жаңа нəрселерді құруға рұқсат бермеуіміз керек», - деді А. Пірімқұлов бұл жайында.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары