$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.05.2020, 11:11
Қоғам

Сегіз жасар жетісулық бүлдіршін 7 бірдей аспапта ойнайды

Өнерпаздың әкесі баланы өнерге қалай баулуға болатынын айтты

Сегіз жасар жетісулық бүлдіршін 7 бірдей аспапта ойнайды

Жетісулық Ясмина Амангелді небәрі 8 жаста болса да, жеті бірдей ұлттық аспапта ойнай біледі. Бүлдіршін жетіген, сазсырнай, домбыра, үскірік, қылқобыз, суағаш пен шымшық аспаптарын меңгерген. Шынашақтай қыздың бүтін бір ансамбль ойнайтын аспаптарды осы жаста қалай меңгеріп алғанын Azattyq Ruhy тілшісіне әкесі айтып берді.

БЕС ЖАРЫМ ЖАСЫНДА САЗСЫРНАЙДЫ МЕҢГЕРГЕН

Ясминаның ата- анасы қазақтың ұлттық киімдерін тігетін қолөнер шеберлері. Олардың жеке шеберханалары мен тіккен бұйымдарын сататын дүкендері бар. Қыздарының сахналық костюмін өздері дайындайды. Ясминаның костюмдерін, ата-анасының ұлттық өнерге деген жанашырлығын байқайтын көп жұрт «этникалық қазақ емессіңдер ме» деген сұрақты жиі қоятын көрінеді.

«Ясминаның сахналық костюмдерін, өнерін көргенде көпшілік бізден «Қытай немесе Моңғолиядан келген қандас емессіздер ме?» деген сұрақты қойып жатады. Біз ешқандай шет мемлекеттен келген емеспіз. Неліктен көпшіліктің олай ойлайтынын білмеймін. Өз жерімізде тұрып та, өз дәстүрімізді, ән-жырымызды насихаттауға болады емес пе?!  Жалпы, біз жетісулықтармыз, нақтылап айтар болсам,  Алматы облысына қарасты Ақсу ауданы Жансүгіров кентіненбіз», - деп бастады Ерлан әңгімесін.

Бүгінде 2-ші сыныпты бітірген Ясминаның қабілетін олар бес жарым жасында байқаған. Қылқобыз, жетіген мен домбыра аспаптарында ойнайтын Ерлан кезекті бір конкурсқа дайындалып жатқан кезде өнердегі достары кішкентай бүлдіршінді алдарқату үшін сазсырнайда ойнауды үйретіп бастаған.

«Бір конкурсқа дайындалып жатқанымызда Азамат үйге келіп «Ернар ағай, қазір қызыңызға 10 минуттың ішінде сазсырнай үйретіп шығамын» деді. Бірақ біз құжаттармен қарбаласып жатып, бастысы, бізге кедергі келтірмесе болды, алдандыра тұр деп аса мән бермедік.

Сол кез 10 минут емес, небәрі 5 минуттың ішінде Ясминаның моторикасы дамығанын аңғардық. Содан ол сазсырнайда нотаның қай жерде екенін, даусы қайда екенін көрсетті. Осылайша, Ясмина төрт ойықты саз сырнайды алтыға таяу жасында меңгеріп, түрлі конкурстарға қатысып жүрді. Қызымның қабілетін ашқан алғашқы ұстазы - Бақия Азамат»,- дейді ол.

БАЛАҒА АСПАПТА ОЙНАУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕТУГЕ БОЛАДЫ?

Ясминаның қабілетін ашқан ұстазы  -  Бақия Азамат консерватория түлегі және қазақтың ұлттық аспаптарының қолөнер шебері. Азамат Ясминаға балаға бірнеше аспапты бір мезетте үйретуге қатысты тәжірбие жасап жүрген көрінеді.

«Ясминаға Азаматтың жары Айжан – жетіген аспабынан, ал өзі  – сазсырнай, үскірік, шымшық, суағаш, ортеке домбырамен, қылқобыз аспаптарын үйретеді. Бір шетінен Азамат ұстазы Ясмина арқылы балаға ерте жастан бастап ұлттық аспаптарды үйрету қаншалықты мүмкін екенін тәжірбиеден өткізіп, ізденіп жүр. Оның өзінің ойлап тапқан «сандық жүйемен» үйрету әдісі бар.

Өйткені кішкентай балаға алғашқыда нотамен үйрету қиындау. Оның ішінде реприза, бемоль сынды ноталарды балаға түсіну қиын. Сол себепті, бірінші сандық жүйе мен дыбысты қаншалықты созу керек екенін өзінің тәсілдерімен үйретеді. Менің өзім әкесі болғандықтан маған еркелеп, ұстаз ретінде қабылдамауы мүмкін. Біз анасы екеуміз оған барынша қолдау білдіріп, түрлі күйлерді тыңдап, қызығушылығын арттырып отырамыз. 

Қазір Алматы қаласы маңындағы Талғар ауданы Еңбекші ауылында тұрамыз. Еңбекші ауылында тұрсақ та, Өтеген батыр ауылындағы «Музыкалық-саз» мектебінде Ясмина кәсіби ұстаздардан дәріс алып, биыл нөлінші сыныпта оқып жатыр»,-деді Ерлан Амангелді.

ҚЫЗЫМЫЗДЫҢ ДИМАШҚА ҰҚСАҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ

Ерлан баласын музыка аспаптарына баулығысы келетін ата-ана өнерден хабары болып, баласын мұғалімге тапсырып қана қоймай, үйде де барынша ынталандырып, шабыт сыйлап отыруы қажет дейді. Әңгіме барысында ол қызының өнер жағынан да, тәрбие мен адамгершілік тұрғысынан да Димаш Құдайбергенге ұқсағанын қалайтындарын жасырмады.

«Бүгінгі таңда кішкентай балалар ұялы телефоннан түрлі ойындарды ойнап, қандай бағдарлама бар екенін жетік біліп алып жатыр. Ал енді дәл осы тәсілменен телефон орнына балаға ұлттық аспап алып беріп, қызығушылығын оятып, өнерге баулысаңыз онда баланың ынтасы ашылады. Баланың қызығушылығы ата-ананың тәрбиесіне де байланысты.

Кішкентай кезінде ойын баласы ойнағысы келіп, елегізіп тұрады. Ондай сәттерде балаңызды мақтап жіберіп, өз қолдауыңызды білдіріңіз. Мектептегі ұстаздардан алған білім бір бөлек, үйге келгенде оны шыңдап, ата-анасы бірге қызығушылық танытып отырғаны бөлек нәрсе. Бүгінде бүтін әлемге танымал Димашты ата-әжесі кішкентайынан музыкалық мектепке жетектеп апарып, тосып отырғандарын білеміз. Соның жемісін бүгін көріп жатыр.

Димаштың сөйлеу мәнері, тәрбиесі, ішкі мәдениеті білініп тұрады.  Сол сияқты бізде қызымыздың сондай инабатты, өнерлі болғанын қалаймыз»,-деп ағынан жарылды өнерпаз қыздың әкесі.

Ерлан қызына сабақ пен музыкалық мектепті қатар алып жүру кейде қиындық тудыратынын жасырмады. Айтуынша, Ясминаның мінезі ұяң, қырсықтығы да жоқ емес.

«Қазіргі мектеп бағдарламалары балалар үшін өте ауыр. Кейде бала түгілі, ата-аналардың өзі кей тапсырмаларды түсінбей жатады. Бірақ соған қарамастан қызым орта мектепте де, музыкалық мектебінде де жақсы оқиды. Өзі нәзіктеу қыз баласы болғаннан кейін, шаршап қалатын сәттері боп тұрады. Баланың өзінің ынтасы болғаннан кейін, біз өз тарапымыздан бар жағдайын жасап жатырмыз.

Өзі мінезі ұяң, көп ұстаздарымен бірден ашылып, сөйлесіп кете алмайды. Бұрыннан келе жатқан Азамат ағайымен, Айжан апайымен емін-еркін сөйлессе, музыка мектебіндегі апайларының қасында тұйықтау. Кейде көңіл-күйі болмай жатса, мұғалімнің тапсырмаларына жауап бермей қояды. Бірде үйге ұстазы «өлең жаттап келіңдер» деген тапсырма берген екен.

Біз үйде қызымыз екеуміз ол өлеңді жаттағанбыз. Бірақ сол күні мұғалім сыныпта қатаң сөйлеп қойған болу керек, Ясмина өзі жаттаған тақпақты айтпай қойыпты (күліп). Қызым ән айтқаннан гөрі, күй шерткенді жақсы көреді. Талғамы да, көңіл-күйі де құбылып тұрады. Бір күн дәрігер боламын десе, енді бір күні Роза Бағланова болғысы келеді, тағы бір күні шаштараз боламын дейді», - ол.

Әкесі сахна мәдениетін меңгеріп, фонограммасыз музыканы естуі үшін Ясминаны этно-фольклорлық ансамбілдердің концерттеріне ертіп апарады екен. Өн бойына өнер толған кішкентай Ясмина халықаралық «Атадан мұра» конкурсының Гран-при жүлдесін жеңіп алған, республикалық «Сарын», «Бала әлемі» конкурстарының жеңімпазы.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары