Ақмола облысының тұрғыны флюорографияға түсемін деп 9 млн теңгесінен айырылды
Оған алаяқтар хабарласып, жинаған бар ақшасын үптеп кеткен

Ақмола облысының Степногорск қаласында зейнеткері алаяқтардың жаңа айласына алданып қалды. Алаяқтар әйел адамды флюорографиядан өту қажет деп сендіріп, оның банк шоттарындағы барлық ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Медқызметкер» болып хабарласқан
2025 жылдың тамыз айында белгісіз ер адам 1950 жылы туған әжейдің ұялы телефонына хабарласып, өзін емхана қызметкерімін деп таныстырған. Ол зейнеткерге флюорографиялық тексерістен өту керектігін айтып, қызметке жазып қою үшін 1414 нөмірінен келген СМС кодты сұраған. Әйел адам кодты айтқаннан кейін бірнеше күннен соң оған түрлі нөмірлерден қоңыраулар түсе бастаған.
Бұл жолы алаяқтар өздерін Электрондық үкіметтің қауіпсіздік қызметі, Ұлттық банк, қаржы полициясының қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі қорқынышты сценарийлер айтып, зейнеткерді әбден шатастырып, үрейлендірген.
Барлық қаражатын өзі аударған
Алаяқтар әйелді қатты сендіріп, қорқытқаны сонша, ол жинаған барлық ақшасы, яғни депозитте жатқан 9 миллион теңгеден астам қаражатын белгісіз адамдардың шотына аударған.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның ескертуі
Ақмола облыстық Полиция департаменті азаматтарға ешқашан бейтаныс адамдарға SMS-кодтар мен жеке деректерді айтпауға кеңес береді. Ешбір мемлекеттік орган немесе банк телефон арқылы жеке деректер мен банк шотының кодтарын сұрамайды.
Егер күмәнді қоңырау түссе, бірден 1402 (қаржы мониторингі агенттігі), 102 (полиция) немесе банк қызметінехабарласу қажет.