Алматы облысында әйел адам темекі үшін 400 мың теңгеден аса айыппұл төлейтін болды
Оның таңбаланбаған темекі сатқаны анықталды

Алматы облысында кәсіпкер әйелдің дүкенінен таңбаланбаған темекі өнімдері табылып, оған 412 860 теңгекөлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы облыстық сотының ресми Telegram-арнасындажарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
382 қорап темекі заңсыз сақталған
Әкімшілік құқық бұзушылық ісі ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігі бойынша Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралды. Іс материалдарына сәйкес, Рахат ауылындағы дүкеннің иесі 2025 жылдың қыркүйек айында белгісіз адамнан 382 қорап темекі өнімін сатып алған.
Тексеру барысында Еңбекшіқазақ ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері бұл өнімдерде міндетті сәйкестендіру белгілері (таңбалары) жоқ екенін анықтаған.
Заң не дейді?
ҚР Салық кодексіне сәйкес, таңбалануы міндетті акциздік тауарларды таңбасыз сақтау, сату немесе тасымалдауға тыйым салынады. Мұндай бұйымдарды айналымға шығаруға болмайды, ал бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік қарастырылған.
Жағдай ескеріліп, айыппұл азайтылды
Сот отырысында кәсіпкер әйел кінәсін толық мойындап, барлық мән-жайды растады. Сот оның кінәсін мойындауы мен кәмелетке толмаған баласының барын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде есептеп, айыппұл сомасын 30%-ға төмендетті.
Сот шешімімен әйелге 412 860 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал таңбаланбаған темекі өнімдері тәркіленіп, жойылатын болды. Шешім заңды күшіне енді.