Қазақстанның үш қаласында ауа сапасы нашарлайды
Синоптиктер ескерту жасады

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 14 қазанда, еліміздің үш қаласында атмосферада ластаушы заттардың жоғары шоғырлануы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл құбылыс – ауа райының белгілі бір факторларының үйлесуімен байланысты. Мұндай жағдайда зиянды қоспалар жерге жақын ауа қабатында жиналып, таралмай қалады.
«2025 жылғы 14 қазанда қолайсыз метеожағдайлар Жезқазған мен Алматы қалаларында, сондай-ақ түнде Атырау қаласында күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Қолайсыз метеожағдай (ҚМЖ) дегеніміз не және ол неге қауіпті?
Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) – ауа райының мынадай түрлері:
- желсіздік (штиль);
- өте баяу соққан жел;
- тұман;
- температуралық инверсия (жылы ауа қабатының салқын ауаны басып тұруы).
Мұндай құбылыстар ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіріп, олардың ауада жиналуына себеп болады. Соның салдарынан ауа сапасы уақытша нашарлайды, әсіресе өнеркәсіптік аудандарда немесе тығыз қоныстанған жерлерде.