Атыраудағы сауда орталығында әйелдер дәретханасына кірген жігіт ұсталды (ВИДЕО)

Жапа шеккен тарап осы дерек бойынша полицияға шағымданатындарын мәлімдеді

Атыраудағы сауда орталығында әйелдер дәретханасына кірген жігіт ұсталды (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Атырау қаласындағы «Байзар» сауда-ойын-сауық орталығында белгісіз жас жігіт әйелдер дәретханасында іргелес кабинаның үстінен сығалап тұрған жерінен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.

Мәліметтерге сәйкес, оны келушілердің бірі байқап қалған. Сонымен қатар куәгерлер оның бөлмедегі әйелдерді телефонына түсіргенін де алға тартуда.

Келушілер жігіттен кабинадан шығуын талап еткенімен, ол іштен бекініп алып, сыртқа шығудан бас тартқан. Айқай-шудан соң оқиға орнына өзге де куәгерлер жиналып, наразылық білдірген.

Тәртіп бұзған азаматты кабинадан шығару үшін күзет қызметкерін шақыруға тура келді. Сауда орталығының күзетшісі оны сыртқа алып шыққан.

Оқиға куәгерлерінің бірінің айтуынша, жігіттің телефонынан әйелдер дәретханасында түсірілген фотодеректер табылған. Десе де, ұсталған азамат өз айыбын мойындамай, дәлел талап еткен. Жапа шеккен тарап осы дерек бойынша полицияға шағымданатындарын мәлімдеді.