Алматы облысында жеңіл көлік дүкен ішіне басып кірді (ВИДЕО)

Тараған видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен пікірталас тудырды

Алматы облысында жеңіл көлік дүкен ішіне басып кірді (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Алматы облысының Боралдай кентінде жеңіл автокөлік жылдамдықпен Fix Price сауда үйінің ішіне кіріп кетті. Оқиға орнынан түсірілген видео Threads әлеуметтік желісінде тарады. Бейнекадрлардан көліктің дүкен ішіндегі сөрелер мен тауарларға едәуір мөлшерде материалдық шығын келтіргенін көруге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кейбір желі қолданушылары рөлдегі жүргізушінің денсаулығы кенеттен нашарлауы мүмкін деген болжам жасаса, енді бірі сатып алушылардың өміріне қауіп төндіргені үшін оны қатаң жауапқа тартуды талап етті.

Тараған видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен пікірталас тудырды:

«Денсаулығында кінәрат болса, рөлге отырмау керек еді, біреуді мерт қылуы мүмкін еді»

«Кенеттен жүрегі ұстап қалса ше? Мұндай жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған»

«Егер адам өлімі болса ше? Дүкендегілердің орнында болмаған соң айту оңай, мүмкін біреу соңғы сәтте ыршып үлгерген шығар», — деп жазды желі қолданушылары.

Аталған оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары ресми хабарлама таратып, тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес хаттама толтырылды», – деп хабарлады Алматы облысының Полиция департаменті.