Астанада ЛГБТ насихатына қарсы петиция көпшілік талқысына шығарылды

Azattyq Rýhy

Қоғамдық талқылау 1 тамыз күні өтеді

Астанада ЛГБТ насихатына қарсы петиция көпшілік талқысына шығарылды
Фото: istockphoto.com

Астанада ЛГБТ насихатына қатысты петиция көпшілік талқысына шығарылады. Қоғамдық талқылауды Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ЛГБТ насихаттауға» тыйым салу туралы пікірталас Астанада 1 тамыз күні сағат 15:00-де Қазмедиа орталығында өтеді.

Бұл – өтінішті қараудың соңғы кезеңі, яғни, қоғамдық талқыдан соң түпкілікті шешім қабылданады.

«Мұндай тыңдаулар кемсітушілік бастамалар мен заң жобаларының жалпы адам құқықтарына әсері туралы хабарлауға маңызды мүмкіндік береді, мұнда тек ЛГБТКИА+-қауымдастығының ғана емес, сонымен қатар феминистік бастамалардың, медиа және шығармашылық индустрияның әл-ауқатына қауіп төніп тұр. Бұл инфлюенсерлерге, АИТВ-сервистік ұйымдарға және жалпы азаматтық қоғамға қатысты», — деп жазды Education Community қоғамдық ұйымы.

Көпшілік тыңдауларға қатысу үшін 31 шілдеде сағат 10:00-ге дейін тіркеліп, аты-жөнін, ұйымын және ЖСН, байланыс деректері мен электрондық поштаны көрсету қажет.

Айта кетейік, «Біз Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз!» петициясын қарау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы 26 маусымда өтті.

Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Ермұрат Бапи, Ринат Заитов, Абзал Құспан, Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса, арыз иесі Бағила Балтабаева, қоғам қайраткерлері Айнұр Жүгінісова, Мақсұтбек Айтмағанбет, Жанар Секербаева, Гүлзада Сержан, сарапшылар Халида Әжіғұлова, Виктория Примак, БАҚ өкілдері және е-өтініш порталы арқылы жұмыс тобына енуге өтініш білдірген азаматтар кірді.

«Біз ҚР-дағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы «E-Petition.kz» ресми порталында ресми қаралуы үшін маусым айының басында қажетті қол жинады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.