Жыл басынан бері 250 қазақстандық суға батып кете жаздады – ТЖМ

Azattyq Rýhy

Жалпы, 10 жылда 2 мыңнан астам адам суға батып, мерт болды

Жыл басынан бері 250 қазақстандық суға батып кете жаздады – ТЖМ
Фото: ТЖМ

Жыл басынан бері 250 қазақстандық су айдындарына батып кете жаздады. Оларға дер кезінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар 63 бала құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың айтуынша, құтқарылғандардың көпшілігі су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған.

«Құтқарылғандардың көпшілігі су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзды, олардың әрқайсысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол сондай-ақ қазақстандықтарға үндеу жасап, судағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.

«Балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз және олардың өздігінен шомылуына жол бермеңіз. Тыйым салу белгілері орнатылған және жабдықталмаған жерлерде шомылуға немесе суға түсуге болмайды. Жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардың артында жүзбеңіз. Осы қарапайым ережелерді ескерсеңіз, сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», - деді ТЖМ өкілі.

Жыл басынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 8 есе ұлғайды, 905 айыппұл салынды.

Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адам суға батып, қаза тапты. Олардың 700-ден астамы – бала.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.