$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.07.2024, 17:31
Қоғам

Экс-әділет министрі Марат Бекетаев ісі бойынша тергеу аяқталды

Сонымен қатар бұрынғы мәдениет және спорт вице-министріне қатысты іс бойынша тергеу мәресіне жетті 

Экс-әділет министрі Марат Бекетаев ісі бойынша тергеу аяқталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Антикор бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев пен бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ол (Марат Бекетаев) жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деп күдіктенеді», - делінген ақпаратта.

Аталған іс бойынша залал 1 млрд теңгеден асады.

Айта кетейік, экс-министр 2023 жылдың қазанында қамауға алынды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаевтың елден қашпақ болғанда ұсталғанын айтты.

Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары Әділет министрі болды. Қаңтар оқиғасынан кейін Әділет министрі лауазымынан босатылып, 2022 жылдың соңына дейін ҚР премьер-министрінің кеңесшісі лауазымын атқарды.

Сондай-ақ агенттік бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен мердігер ұйымның басшылығына қатысты лауазымдық өкілеттін асыра пайдаланды және бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралардың нәтижесі бойынша Мәдениет және спорт экс-вице-министрі Қожағапановты ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстаған. Бұл іс бойынша да залал 1 млрд теңгеден асады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жартыжылдық алқа отырысында айтылғандай, биыл Агенттік 876 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді.

Анықталған қылмыстарды жасауда 592 адам әшкереленді, оның ішінде 107 басшы. Олардың ішінде бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыстық басшылар бар.

Серіктес жаңалықтары