Марат Бекетаев елден қашып бара жатқан жерінен ұсталды - Бас прокуратура
Жақында бұрынғы Әділет министрінің ұсталғаны белгілі болған еді

Әділет экс-министрі Марат Бекетаев елден қашып бара жатқан жерінен ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Жақында бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғаны белгілі болды. БАҚ өкілдері Бас прокуратура өкілінен істің мән-жайына қатысты сұрады.
«Қылмыстық іс мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтіру, лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану бойынша қозғалды. Бекетаев шын мәнінде елден қашып бара жатқан жерінен ұсталды. Қалған ақпарат сотқа дейінгі тергеу деректеріне жатады. Бәріңізге белгілі, Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің деректерін жариялауға болмайды», - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.
«Сонда Бекетаев әуежайда ұсталды ма?» деп нақтылады журналистер қауымы.
«Ол жағын нақты айта алмаймын. Бұл да сотқа дейінгі тергеу деректері. Маған да БАҚ-та жарияланған ақпараттар ғана белгілі», - деп қысқа қайырды Әсет Шындалиев.
Еске сала кетейік, экс-министр талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады деген күдікке ілінген.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ