Қайрат Боранбаевтың жиеніне қатысты үкім шығарылды

Ол 4,6 жылға сотталды

Қайрат Боранбаевтың жиеніне қатысты үкім шығарылды
Фото ашық дереккөзден

2023 жылғы 19 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Әбілхан Боранбаевтың лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша (ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігі) және Дәурен Қазбектің құқық қорғау органының лауазымды қызметкері бола тұра пара алу фактісі бойынша (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Боранбаев аға жедел уәкілі Қазбек пен Ш.-ға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 млн. теңгеден астам пара берген.

Өз кезегінде Қазбек және Ш., адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы пара алып, тергеу-қамауға алынған Б.-ны айдауылдау кезінде оған мобильді байланыс, кездесулер, туған күнін алкогольді ішімдіктерді қолданумен тойлау арқылы үшінші тұлғалармен процестік емес байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген.

Прокурор айыптауды қолдап, сотталушыға Әбілхан Боранбаевқа-ға 4 жыл 6 ай мерзімге, ал сотталушыға Қазбекке 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Қорғаушы тарап Боранбаев және Қазбекке ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігін (төменгі шегінен төмен) қолдана отырып, айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәгерлердің айғақтарымен, банктік мәліметтердің үзінділерімен, берпе-бет кездестірулермен, сараптамалардың қорытындыларымен, сыртқы бейнекамералардың бейнежазбаларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот Боранбаевтың  4 жас балаларының болуын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін, ал Қ.-ның 3 жас балаларының болуын, кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сотталушылардың қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«ҚК-нің 367-бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30-дан 40 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60-тан 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Сот үкімімен Б. ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Қ. ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.