Іле ауданында әкімдік мың гектар жерді бір ғана адамға бере салған

Жыл басынан бері жалпы аумағы 51,4 мың гектар жер қайтарылды

Іле ауданында әкімдік мың гектар жерді бір ғана адамға бере салған
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Алматы облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдік оңды-солды тарата берген жерлерді қайтарумен айналысып жатыр. Соңғы екі айдың өзінде Антикор еш мақсатсыз алынған 35 мың гектардан астам жерді мемлекеттің меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

20 адамға бизнес жүргізу мақсатында берілген жерлерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтаған.

«Осылайша, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімдерімен мемлекет меншігіне Еңбекшіқазақ ауданы бойынша аумағы 247,4 га 1 учаске, Жамбыл ауданы бойынша аумағы 29,2 мың га 8 учаске, Іле ауданы бойынша аумағы 931,6 га 1 учаске, Қарасай ауданы бойынша аумағы 7 га 1 учаске, Кеген ауданы бойынша аумағы 1,5 мың га 1 учаске, Талғар ауданы бойынша аумағы 558,1 га 1 учаске және Қонаев қаласы бойынша аумағы 2,9 мың га 7 учаске қайтарылды», - деді Алматы облысың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Қайтарылған жерлер бойынша бөлу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Жалпы жыл басынан бері мемлекет меншігіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауданы 51,4 мың гектар 55 жер учаскесі қайтарылды.

«Аталған жерлер жергілікті атқарушы органдардың қызметінде бизнес үшін жер учаскелерін бөлу және қолжетімділік мәселелері бойынша жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау шеңберінде анықталды», - делінген ведомствоның мәліметінде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.