Жамаубаев казинода ойнаған министрлік қызметкерлеріне қатысты пікір айтты

Аягөз Құрмаш

Оларға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілген

Жамаубаев казинода ойнаған министрлік қызметкерлеріне қатысты пікір айтты
Коллаж: Azattyq Ruhy

Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрлігі қызметкерлерінің казинода ойнауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бізде бұл мәселемен аппарат басшысы айналысады. Ол тікелей кадр мәселесіне жауап береді. Біз бұл мәселені тек заң аясында қарастырамыз. Қателеспесем, бізде 25 қызметкерге қатысты сондай ақпарат  түскен. Біз барлық дерек бойынша тиісті шара қабылдаймыз. Оның ішінде өз еркімен жұмыстан кеткені, тәртіптік жазаға тартылғаны бар. Сондықтан әрбір қызметкермен жеке-жеке қызметтік тексеріс жүргізіп барып, шешім қабылдадық», - деді Жамаубаев.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында БАҚ-қа Алматы облысының прокуратурасы казино мен ойын автоматтары залдарын тексергеннен кейін түрлі өңірден 305 мемлекеттік қызметшінің ойын мекемелеріне барғанын анықтаған құжат келіп түсті. Олар құмар ойындарға 507 млн теңге жұмсаған.

Олардың қатарында ішкі істер министрлігінің, Қаржы министрлігінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР Жоғарғы Сотының, Қаржы мониторингі агенттігінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың шенеуніктері бар. Осы ақпарат пайда болғаннан кейін Президент МҚІА-ға казиноға әуесқой мемлекеттік қызметшілерге қатысты тексеру жүргізуді тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.