«Жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады»: депутат вейптерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды
Нұргүл Тау электронды темекі мәселесін көтерді
Нұргүл Тау депутаттық сауалға мектеп оқушылары мен жастар арасында «вейп» атымен танымал электронды темекілердің жаппай таралуына және қолданылуына тыйым салу туралы түскен өтініштері себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Расында да қазіргі уақытта электрондық темекіге тәуелділік індетіне шалдығушылардың қарасы прогресивті жылдамдықпен артып келеді.
Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуы бойынша, электронды темекі құрамында никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Елімізде электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану жағдайы жоғары. Ол барлық сауда орындарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді бағада сатылады. Бағасы орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды»,- деді Тау.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, никотинді тұтынудың электрондық құралдарының нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 292 есеге артты.
«Сонымен бірге, бұл өнімді әкелудің заңдылығы күмән туғызады. Барлығы аталған жылдар ішінде СЭҚ ТН 85434000000 «Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппаратурасы» кодымен жүргізілген 10 006 432 АҚШ доллары сомасына 2 954 182 дана электрондық темекі әкелінді. Бұл код акцизделмеген және бұл мемлекеттік бюджетке 3 млн данаға жуық өнімнен акциздік түсімдер түспегенін білдіреді.
Электронды темекілер сырт пішінімен, хош иістермен балалар мен жастарды еліктіруде . Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде 3 есе өскен, ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір рет болсын қолданып көрген», - деді депутат.
Ол атағандай, электронды темекіге тәуелділік - балалар мен жастарды құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға итермелейтін факторлардың бірі.
«Осының салдарынан оқу орындарында оқушылар, студенттер арасында буллинг белең алуда. Тәуелділік құрбаны болған жастар көп жағдайда электрондық темекіге немесе басқа мақсаттарына қол жеткізу үшін қылмысқа барады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2022 жылы кәмелетке толмағандар 1735 қылмыс жасаған. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде ұрлық - 782 факт, алаяқтық - 166, тонау - 154, ұсақ ұрлық - 93, бұзақылық – 81», - деді ол.
Сондай-ақ, депутат атағандай, елімізде темекі кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады. Себебі темекі адам өміріне қауіпті ауруларды қоздырады.
«2021 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вейптердің айналымына тыйым салу мәселесін көтеріп келеді. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бұдан басқа, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте темекі өнімдерін, оның ішінде электронды өнімдерді сөрелерге қоюға тыйым салу туралы норма болуына қарамастан, сатушы кәсіпкерлер заңды сақтамайды. Себебі, Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы тармақ қарастырылмаған. Осының салдарынан сауда орындарын тексеру мүмкіндігі жоқ.
Өтініш білдірген ата-аналар құрамында никотині бар девайстардың таралуына және сатылуына түбегейлі қарсылық білдіруде. Қазіргі таңда әлемнің 32 елінде вейптерді сатуға тыйым салған, олардың қатарында Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Қатар және т.б. елдер бар»,- деді ол.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Атырау облысына жұмыс сапары кезінде жастардың электронды темекі мен энергетикалық сусындарға құмартуы ұлт болашағына төнген үлкен қауіп екенін атап өтті.
«Президент өз сөзінде «Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл қауіпті жағдай. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдау керек» деді. Ендеше ұлт саулығына, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жоятын кез келді, өкінішке қарай, осы кері үрдіске шара қолдану уақытын біршама кешіктіріп алғандаймыз»,- деді ол.
Ол мына бастамаларды ұсынды:
- 1) депутаттық сауалда қойылған мәселелерді қарауға және елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруға;
- 2) электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасына тыйым салуға және осыған байланысты жауапкершілікті күшейтуге;
- 3) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығына «Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы» тармақ қосу.