«Қырындап, ұятсыз видео көруге мәжбүрледі»: Алматы облысында оқушы қыз өгей атасының сұмдық әрекетін айтты

Полиция ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғады

«Қырындап, ұятсыз видео көруге мәжбүрледі»: Алматы облысында оқушы қыз өгей атасының сұмдық әрекетін айтты
Фото: freepik.com

Алматы облысында 15 жастағы жасөспірім қыз өгей атасын өзіне қырындағанын айтып айыптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

10-сынып оқушысы 62 жастағы ер адамның құрбанына айналғанын айтты. «Криминальный Казахстан» мәліметіне сүйенсек, ер адам – оның туған атасы емес, анасының екінші рет некелескен күйеуінің әкесі. Қыз баланың айтуынша, анасы түнгі уақытта жұмысына кеткеннен кейін ерсіз қылықтар жасауын әдетке айналдырған.

Оқушы қыз өгей атасының мұндай әрекеті наурыз айынан басталған. Ер адам өзіне қырындап, порнографиялық материалдар көруге мәжбүрлеген көрінеді.

«Бірде ыдыс жуып тұрғанымда қасына шақырып алып, интимді видео көрсетті. Соңында видеода менің құрдастарым жүргенін айтты», – дейді оқушы қыз.

Айтуынша, жүкті анасын уайымға түсірмес үшін өгей атасының қылықтарын ұзақ уақыт жасырып келген. Шындық белгілі болған соң, қыз баланың анасы жағдайды күйеуімен ақылдаспақ болғанда, ол өзін соққыға жыққан. Осыдан кейін әйел үш баласын алып, үйінен кетіп қалған.

Күдікті қазіргі уақытта бостандықта жүр. Белгілісі, қыз балаға қырындап, ерсі әрекеттер жасады деген ер адам мектеп автобусының жүргізушісі болып жұмыс істейді.

Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі Алматы облысының Полиция департаментіне сұрау жолдап, мынандай жауап алды:

«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тараптың уәждері мен түсініктемелері мұқият тексерілуде, сондай-ақ тиісті процессуалдық әрекеттер тағайындалды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі жүргізілген тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен шешіледі. Тергеу жалғасып жатыр және Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – дейді ПД баспасөз қызметі агенттік тілшісіне.