$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.05.2023, 12:42
Қоғам

Елнұр Бейсенбаев аңқау халықты алдайтын делдал алаяқтар мәселесін көтерді

Соңғы үш жылда олар 35 млрд теңге шығын келтірген

Елнұр Бейсенбаев аңқау халықты алдайтын делдал алаяқтар мәселесін көтерді
Фото: @mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев интернет алаяқты туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біздің көтеріп отырған мәселеміз – интернет алаяқтық. Иә, бұл мәселе қоғамда жауыр болған тақырып, қаншама өзгерістер енгізілгенімен, интернетті қолданумен жасалатын кибералаяқтық пен телефон арқылы қылмыстың түрлері жыл санап өсіп келеді. Проблеманы қанша рет көтерсек те мәселенің шешілетін түрі жоқ, керісінше жылдан жылға ушығып барады. Дабыл қағып отырғанымыз да сондықтан. Мәселен, соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есеге өскен: 2018 жылы 4 287 факт анықталса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша осындай 20 444 қылмыс тіркеліпті. Ал биылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған», - деді Бейсенбаев.

Ол атағандай, құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ның ғана бетін ашыпты.

«Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асып жығылды. Бұл - бір.

Екіншіден, халық арасында қазір онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскеннен қарыз алмайды. Айлығы шайлығына жетпегендіктен осылайша, бір қарызды екінші қарызбен жамайды. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді»,- деді ол.

Депутат атағандай, 2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3022 адамды сан соқтырыпты, биылғы үш айда 475 факт тіркелді.

«Мысалы, осыдан бір ай бұрын Ақмола облысы Бурабай ауданының тұрғынына хабарласқан интернет-алаяқ өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, 1 млн теңге несие рәсімдеткен, ал ақшаны өзге адамның шотына жіберілді.Абай облысының тұрғынына хабарласқан алаяқ болса ұялы телефонға AnyDesk деп аталатын қосымшаны орнаттырып, сол арқылы 9,5 млн теңге несие рәсімдеп алған.

Мұндай оқиғалар еліміздің барлық өңірінде болып жатыр. Бұл мәселе бойынша «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына алаяқтардың ісіне тап болған азаматтар жиі шағым түсіруде. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев атағандай, әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойнатып, аңғал адамдардың ақшасын сыпырып алатын алаяқтарға да тосқауыл болмай тұр. Мұны өздері ГИВ деп атайды.

«Мәселен, соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Тараз Хит» деген заңсыз лотерея пайда болды. Оны ұйымдастырушылар Instagram желісіндегі парақшасында 10 мың теңгеге билет сатып, халықты пәтер, автокөлік ұтысын ойнатуға үгіттейді. Бұл – заңсыз әрекет, яғни алаяқтық қылмыс. Еліміздің заңнамасына сәйкес, кез келген ұтыс ойындары лотерея операторымен келісіліп жүргізілуі керек. Басқасының бәрі заңсыз. Осыны біле тұра құзырлы органдар неге әрекетсіз отыр? Жағдай ушығып бара жатқан соң былтыр маусым айында Мемлекет басшысының өзі интернет-алаяқтарға, қаржы пирамидаларына қарсы қатаң шара қолдануды тапсырған болатын», - деді ол.

Осыған байланысты бірқатар ұсыныс енгізілді:

  •  Біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізу;
  •  Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрес қалай жүргізілетінін түсіндіру;
  • Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау.
Серіктес жаңалықтары